×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

Семейдегі машина жасау зауытының жұмысшылары бірнеше айдан бері жалақы алмаған

Бүгін, 12:01
Семейдегі машина жасау зауытының жұмысшылары бірнеше айдан бері жалақы алмаған
Видео кадры

Экс-депутат Серік Байғалиев Семей қаласындағы Семей машина жасау зауыты АҚ жұмысшыларының бірнеше ай бойы жалақы алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, зауыт қызметкерлері 2025 жылдың қазан айынан бері еңбекақысыз қалған. Бұл бірнеше күндік кідіріс емес, адамдардың айлап табыссыз өмір сүруіне әкелген күрделі жағдай.

- Маған Семей машина жасау зауытының жұмысшылары жүгінді. Онсыз да мардымсыз жалақы алатын адамдар қазан айынан бастап мүлде еңбекақысыз қалды. Бұл — адамдардың жалғыз күнкөріс көзінен айырылғанын білдіреді, — дейді Серік Байғалиев.

Экс-депутаттың сөзінше, зауыт қызметкерлерінің басым бөлігінің отбасылары, балалары, несиелері мен басқа да қаржылық міндеттемелері бар. Жалақының төленбеуі салдарынан олар қарызға батып, төлем мерзімдерін өткізіп алған, ал кейбірінің банк шоттары бұғатталған.

Сонымен қатар, жұмысшылар үшін зейнетақы аударымдары, әлеуметтік төлемдер мен МӘМС жарналары да төленбей отыр. Бұл жағдай олардың медициналық көмек алу мүмкіндігін шектеген.

- Қалыптасқан ахуал шын мәнінде аса ауыр. Кәсіпорын мүлкін жалға беруден табыс тауып отырса да, жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы әлі күнге дейін өтелген жоқ, — дейді ол.

Байғалиев зауытта жүргізіліп жатқан екі жарым жылдық санация кезеңі де нәтиже бермегенін атап өтті. Айтуынша, уәде етілген қаржылық сауықтырудың орнына қысқартулар, белгісіздік пен ертеңгі күнге деген алаңдаушылық күшейген.

Осыған байланысты экс-депутат жауапты тұлғаларға үндеу жасады.

- Берік Уәлиұлы, осы жағдайға назар аударып, жалақысыз әрі болашағына сенімсіз қалған адамдарға көмектесуіңізді сұраймын. Мұнда нақты адамдардың, тұтас отбасылардың тағдыры сөз болып отыр. Мұндай жағдайды елеусіз қалдыру — әлеуметтік әділетсіздікке жол беру, — деп мәлімдеді Берік Уәлиге бағытталған үндеуінде.

Экс-депутаттың айтуынша, бұл мәселе тек бір кәсіпорынның проблемасы емес, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін өзекті жағдай.

Серіктес жаңалықтары