Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы Ксения Седова сот залынан бостандыққа шықты. Ол кісі өлтіру қылмысы бойынша кінәлі деп танылғанымен, жазасын өтеуден босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
КТК мәліметінше, сот үкімін судья Жәнібек Сейітжапаров оқыды. Оның айтуынша, Ксения Седова ҚР Қылмыстық кодексінің 101-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес, сотталушы жазадан толық босатылды. Осыған орай оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, Седова сот залында бірден босатылды.
КОНТЕКСТ
Қанды оқиға былтыр көктемде болған. Ерлі-зайыпты арасында жанжал шығып, мас күйіндегі күйеуі әйелін ұрып-соққан. Сол сәтте әйел ас үйден пышақ алып, күйеуіне бірнеше рет жарақат салған. Кеуде тұсына тиген пышақтың бірі жүрекке зақым келтіріп, ер адам оқиға орнында қайтыс болған. Сот бұл әрекетті аффект жағдайында жасалған кісі өлтіру деп бағалады. Бұған дейін сараптама да дәл осындай қорытынды шығарған.
Марқұмның туыстары сот шешімімен келіспей, айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал сот барысында Седова ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, күйеуінен бірнеше рет соққы көріп, соның салдарынан түсік те тастаған. Қайғылы оқиға болған күні де ер адам оны ұрып-соққан, ал сол кезде әйел жүкті болған.
СЕДОВАНЫҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ
Сотта соңғы сөз сөйлеген Ксения Седова марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
— Анасы үшін баласынан айырылу — орны толмас қайғы екенін түсінемін. Олар мені кешірсе екен. Мен оны өлтіруді ойлаған жоқпын, тек шыдамым таусылып, өзімді қорғауға мәжбүр болдым. Осы екі жыл бойы қанша қиындық көрсем де, отбасымды сақтап қалуға тырыстым, — деді ол.