Ақтөбеде мектеп маңынан мәйіт табылды. Тұрғындар үрейде отыр. Куәгерлер қоқыста иістеніп жатқан ала сөмкені бір күн бұрын көргенін айтады. Ulysmedia тілшісі мән-жайды оқиға орнына барып анықтады.
Мән-жай
Ақтөбеде табылған мәйітке қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздестіріп жатыр. Оқиға тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық тудырып тұр.
Оқиға орнына жақын дүкен сатушысының айтуынша, полиция қызметкерлері дүкендерді аралап, қытай үлгісіндегі үлкен ала сөмке сатылған-сатылмағанын сұраған.
«Оқиғаны кеше таңертең жұмысқа келгенде естідік. Денені үлкен клетка сөмкеге салып лақтырып кеткен деп айтты. Полиция келіп, «ала сөмке сатасың ба?» деп сұрады. Бізде сондай сөмке бар, бірақ әкелгеніме екі ай болды, өтпей тұр. Қайтыс болған адамның суретін көрсетті, бірақ танымадым. Үлкен кісі екен. Көршілер қорқып, көшу керек деп айтып жатыр», – деді сатушы.
Ал осы маңдағы аула сыпырушысы Болат Жұмағалиев қоқыс жәшігінің жанында бірнеше күн бұрын күмәнді сөмкені көргенін айтты.
«Кеше емес, оның алдыңғы күні қоқыста үлкен ала сөмке жатқанын көрдім. Бұрышта тұрды. Қатты иіс шығып жатты, бірақ ішінде не барын білмедік. Келесі күні полиция келіп, аумақты қоршап алды. Бізді жақындатпады. Иіс қатты шығып тұрды», – дейді ол.
Оқиға орнына жақын орналасқан медициналық орталық қызметкерінің айтуынша, кеше таңертең жұмысқа келген кезде аумақты полиция қоршап тұрған.
«Таңғы тоғыз шамасында келсек, полиция көп болды. Қоқыс маңын қоршап қойған. Бір адамның бөлшектелген денесі табылғанын естідік. Бұл ауданның өзі де мазасыздау. Әлеуметтік желілерде қыздарды өлтіріп кеткен деген ақпараттар тарап, халық қорқып отыр», – деді клиника қызметкері.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғағанын, жалған ақпаратқа сенбеу керектігін хабарлады.
Автор: Ардақ Ерубаева.