Шахтинск қаласында тұрғын үйде тұрмыстық газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Жарылыстан кейін пәтердегі жиһаз бен заттар өртенді.
Зардап шеккендердің арасында бес полицей бар
Қарағанды облысының ТЖД мәліметінше, құтқарушылар оқиға туралы хабар түскеннен кейін төрт минутта жетіп, өртті сөндіруге кіріскен. Олар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес тұрғынды эвакуациялаған. Құтқарушылар келгенге дейін полицейлер тұрғындарға кіреберістен шығуға көмектескен — кейбірі өз бетінше шыққан. Полицияның нақтылауынша, алдымен 102 нөміріне газ иісі туралы хабарлама түскен. Полицейлер оқиға орнына бірінші болып жетіп, ТЖД қызметкерлерін шақырған. Дәл осы сәтте газ жарылған. Төтенше жағдай салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – полицей. Барлығы ауруханаға жеткізілді, ал эвакуацияланғандар үшін көшеде жылыту пункті ұйымдастырылып, ТЖМ-нің вахталық көлігі қойылды.
– ТЖМ күштерімен өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнында ТЖД басшысы жетекшілік ететін өрт сөндіру штабы құрылды. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімшелері, ТЖМ құтқару топтары, сондай-ақ медициналық қызметтер, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.
Күдікті қашуға тырысқан
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. ПД мәліметінше, полицейлер қашуға тырысқан 40 жастағы ер адамды ұстаған.
– Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетке алынған. Жазылғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады. Іс бойынша жан-жақты және объективті тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полиция.