Екібастұзда жылу желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты тұрғындар тағы жылусыз отыруға мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Екібастұзжылуэнерго» компаниясы қаладағы кейбір нысанға жылу берілмейтінін мәлімдеді.
Биыл 13 ақпанда сағат 09:00-ден 15:00-ге дейін Әлия Молдағұлова көшесі, 102-де жылу желісі жоспарға сәйкес жылудан ажыратылады, - деп жазылған хабарламада.
Компания мәліметінше, жұмысшылар ілмекті арматураны бөлшектеп, құбырды жуып-шаяды.
Айта кетейік, бұдан бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұз тұрғындарының пәтерлерінде және әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар жылыту маусымын және жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Көп ұзамай «Павлодарэнерго» АҚ басшылығы Екібастұз қаласын жылумен тұрақты қамту проблемасы жылыту маусымы аяқталғанға дейін шешу мүмкін болмайтынын мәлімдеді.