«Түркістан» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ инвесторларға жалпы сомасы 6 млрд теңгеге жуық несиені заңсыз бергені анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Түркістан ӘКК 2018 жылғы наурыздан бастап 2020 жылғы қазанға дейінгі кезеңде инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвесторларға несие сомасынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01%-дан 14%-ға дейін жалпы сомасы 5,7 миллиард теңгеге несие берген. Алайда, Түркістан облысы әкімі аппаратының «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ бұйрығымен бекітілген Түркістан ӘКК-ның Жарғысына сәйкес несие беру бойынша қызмет түрі көзделмеген.
“Департамент ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын басшылыққа ала отырып, Түркістан ӘКК-не қатысты «несие беру» бойынша қызмет түрін көрсетуді тоқтату арқылы «бұзушылықтар мен олардың салдарын жою туралы», нұсқама шығарды.Алайда, Түркістан ӘКК Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына «бұзушылықтар мен олардың салдарларын жою туралы» нұсқаманың күшін жою және заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап арыз жолдады. 2022 жылғы 22 қыркүйекте МАӘС Түркістан ӘКК-нің әкімшілік талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды, атап айтқанда, Департаменттің нұсқамасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыру үшін несие беру бөлігінде ғана жойылды”, – делінген агенттік хабарламасында.
МАӘС шешімімен инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде несиені заңсыз беру фактісі анықталды.
Десе де, Түркістан ӘКК аталған шешіммен келіспей, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым жолдаған.