×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Президенттің сынынан кейін Смайылов БҚО-дағы жолды жөндеуге 15 млрд теңге бөлетін болды

22.04.2022, 17:59
Фото: Ашық дереккөзден

Әлихан Смайылов Батыс Қазақстандағы күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар кәсіпорынды, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жолдарды жөндеу бойынша барлық қажетті шараны дереу қабылдауды тапсырған. Осыған байланысты Үкімет басшысы бірінші кезекте 94 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді байланыстырып отырған «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының учаскесіне барды. Жол Қарашығанақ кен орнына дейін жетеді және Ресейге транзиттік дәліз. Қазіргі уақытта күре жолдың жағдайы өте нашар, әрі-бері өткен Қазақстан мен басқа да елдердің ондаған мың азаматы жол азабын тартып отыр.

«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз “Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы” автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жол жөндеу жұмыстарын 2022-2025 жылдары аяқтау қажет», – деді Әлихан Самйылов.

Үкімет басшысы облыс әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауда ұстап, қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан кейін Премьер-Министр өсімдік майы мен күнжара өндіретін кәсіпорын «Пойма май комбинаты» ЖШС-ға барды.