×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бізді олигархтардан қорғаңыз»: Күршім тұрғындары Тоқаевқа хат жазды

13.03.2023, 11:23
«Бізді олигархтардан қорғаңыз»: Күршім тұрғындары Тоқаевқа хат жазды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Маралды мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары тау-тасты қазып, алтын іздеп тіміскілеген олигархтармен алысып жүр. Ulysmedia.kz редакциясына олардың ел президентіне жазған хаты келіп түсті. Жергілікті әкімдер де алтын өндіргісі келетін компаниялардың мүддесін қорғайды деп есептейтін маралыдылықтар мен үшбұлақтықтарға ауылдың бұрынғы тұрғындары да үн қосып, мәселенің шешілер жолы көрінбей, наразылық өршіп барады.

Күршімдіктердің хатын оқырман назарына ұсынамыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралы ауылының тұғрындары жерімізге қол сұққан Қазақстанның олигархтарынан қорғауыңызды сұраймыз! Олар Күршім ауданының экожүйесін бұзып, өзен жағасына жақын жер мен Күршім ауданының тұрғылықты елдімекендерінің жанынан алтын өндіретін зауыт салғалы жатыр.

Кейінгі бес жылда алтын өндіретін компаниялар Күршім ауданына экспансия жасады десе де болады. Олар алтынды варварлық әдіспен өндіріп, Шығыс Қазақстан облысының экожүйесіне зиян тигізіп жатыр.

Атап айтқанда, бүгінгі таңда алтын өндіретін «Maraliha» ЖШС, «Maraliha Gold» ЖШС, «BCAM Prodachn» ЖШС Маралды ауылының тұрмысы мен тыныштығын бұзып, Маралдының жанынан фабрика салғалы отыр.

Кейінгі 6 айдың ішінде Күршім ауданы әкімдігі мен «олигархтар» тарапынан аталған мәселе бойынша Маралды ауылында 4 бірдей қоғамдық тыңдау өткізілді. Отырыстардың бәрі де Маралды ауылы тұрғындары алтын өндіретін фабрикалар мен карьерлерді ашуға келіспеу жөнінде бір ауыздан ортақ тоқтамға келген.

Біз, Маралды ауылының тұрғындары, Күршім ауданы мен Маралды ауылдық округінің әкімдігі «олигархтардың» мүддесін қорғайды деп есептейміз! Себебі әр кездесуде олар Маралды тұрғындарын фабрикалар мен карьерлерді ашуға үгіттейді. Маралдының кейбір тұрғындарына қысым көрсеткісі келеді.

Алтын өндіретін фабрикалар мен карьерлердің ашылуы Маралдының фаунасы мен флорасына қайта қалпына келмейтіндей үлкен зиян келтірейін деп тұр.

Алтын өндірудің карьерлік ережелері химиялық реагенттерді, оның ішінде кенді ұсақтау үшін натрий ционидін қолдану дегенді білдіреді. Ол улы зат. Одан уланған адамның тыныс алу мүшелеріне үлкен зиян тиеді.

2011 жылы «Алтай Кен-Байыту» ЖШС кәсіпорнының қоймасынан алты күн бойы техникалық су ағып шығып (құрамында ционид, мыс, мырыш пен қорғасын бар) Секисовка мен Волчанка ауылдарына аққан. Сол тұста экологтар табиғатқа келтірілген шығынды 1 млрд теңгеге бағалаған. Тіпті қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі уақытта Маралды ауылының тұрғындары сондай экологиялық апат біздің ауылдық округте де бола ма деп қорқып, қауіптеніп отыр. Себебі ауыл тау ішінде Маралды мен Күршім өзендерінің жағасында орналасқан. Сол өзендерде Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлері тіршілік етеді. Сол өзендерді ауыл тұрғындары тіршілікке де пайдаланып отыр.

Бүгінгі таңда Маралды ауылындағы жағдай қиындап кетті. Былтыр алтын өндірушілер Күршім өзенінде салынған жалғыз көпір арқылы 11 ауыр жүкті «БЕЛАЗ» көлігін, 2 дана карьерлік бүлдөзір, 4 жүк тиегіш, 4 ашық экскаваторды өткізбек болған. Ауыл тұрғындары оларға тосқауыл қойып, өтуге мүмкіндік бермеді, өйткені бұл әдіс көпірдің деформациясына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде стратегиялық және жалғыз көпір болып табылады. Маралды ауылынан осы көпір арқылы ғана шығуға болады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары фабрика салуға және карьерлерді өндіруге келісім бермеген, алтын өндіруші мамандардың айтуынша, алтын өндіретін техниканы орналастыру үшін оларды бір жерге топтастыру керек.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізден осы мәселеге араласуыңызды сұраймыз! Себебі Маралдымен бірге бүкіл Күршім ауданының тұрғындары алтынды варварлық жолмен өндіруге қарсы шығып жатыр. Бәрі де олигархтардың осынау әрекетін шектесеңіз екен деп өтінеді.