Атырауда төрт айлық баласын пышақтап өлтірген безбүйрек ана сот алдында жауап бере бастады. Сот сараптамалық зерттеу нәтижесінде қатыгез келіншек сәбиін 38 жерден пышақтағаны анықталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ал күдіктінің күйеуі: «Әйелім босанған соң психикалық ауытқу байқалды» дейді. Тіпті сәбиі жылаған кезде көзіне елес көрінетінін жиі айтқан. Әйелін емшіге көрсеткенімен, дертіне дауа таппапты, дейді КТК.
«Нәрестенің өлімі жүрек қабығын жарақаттауымен, оң жақ қабықшасын жарып өткен. Кеудесін тесіп өткен. Өлім – түйреп тесілген жарақат салдарынан, жүректің қансырауынан болғаны анықталды», - деді прокурор Нұрболат Әбілов
Бес ай бойы тергелген күдікті бүгінгі сот отырысына қатыса алмады. Өйткені 42 жастағы әйел психологиялық диспансерде қатаң бақылауда жатыр. Ондағы мамандар әйелдің диагнозын сот отырысы аяқталғанша айтуы тиіс. Дәрігерлер осы күнге дейін науқастың бауыр еті – баласын іздеп немесе өткен іске өкінген әрекетін байқамаған. «Бірақ жағдайы әзірге тұрақты» дейді ақ халаттылар.
Сәуір айында Көптоғай ауылының тұрғыны төрт айлық сәбиін үйінде пышақтап өлтірген. Ол жолдасы аудан орталығына кеткенде осындай қылмысқа барыпты.
«Қазір ол әйел сот шешімімен тамыздың 20-сынан бері бізде емделуде. Оның диагнозы әзірге дәрігерлік құпия болып саналғандықтан, айта алмаймын. Бірақ жүйке жүйесінде ауытқу бары жасырын емес. Сот шешімі шықса, науқас әйелді Алматыға емге жіберуіміз мүмкін. Әзірге бақылауда ұстап отырмыз», - деді Атырау облысы психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Дамир Қожамтаев.