ШҚО Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары мен сол ауылдан шыққан азаматтар сайлау бюллетеніне өздерін мазалаған мәселені жазып, наразылығын білдірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дауыс беруден бас тартып жатқан күршімдіктердің акциясы осылай жалғасты. Көбі бюллетеннің сыртына осындай талап қалдырып, ішін айқыш-ұйқыш сызып, бюллетенді жарамсыз қылған.
Еске сала кетсек, Маралды мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары тау-тасты қазып, алтын іздеп тіміскілеген олигархтармен алысып жүргенін Ulysmedia.kz бұған дейін жазған еді. Олардың ел президентіне жазған хаты порталымызда жарияланған. Маралдылықтар мен үшбұлақтықтарға ауылдың бұрынғы тұрғындары да үн қосып, мәселенің шешілер жолы көрінбей, наразылық өршіп барады.