×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шығыста журналистер айлықсыз отыр. Ахметов Лондонда «гәстрөлдетіп» жүр

01.10.2021, 11:29
Шығыста журналистер айлықсыз отыр. Ахметов Лондонда «гәстрөлдетіп» жүр
Коллаж: ulysmedia.kz

Шығыс-ақпараттан тағы шу шықты. Шығыс Қазақстандағы басты ақпараттық холдингтегі журналистердің жазуынша, ондағы ұжым үш ай бойы айлық ала алмай жүрген көрінеді. «Тоқсаныншы жылдарға қайтып оралдық» деген олардың проблемасын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап, мәселенің мән-жайын біліп көрді.

«ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРҒА БІРАҚ СЕКІРДІК»

«Шығыс-Ақпарат» ЖШС – өңірдегі ең ірі медиа-холдинг. Оның құрамына «Didar» және «Рудный Алтай» газеттері, 6 аудандық газет, қос тілде хабар тарататын Altaynews сайты, өңірлік коммуникациялар қызметі, SMM қызметі мен типография кіреді. Осынау ірі құрылым Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық саясатын жүргізуге жауапты. ЖШС-ның негізгі меншік иесі – облыс әкімдігі.

Бұл күнде холдингтегі басты проблеманы сонда қызмет ететін журналист Дарын Нұрсапар әлеуметтік желіге жазды. Оның хабарлауынша, журналистер үш ай бойы еңбекақысын ала алмай жүр.

«Сол баяғы аты шулы «Шығыс-ақпарат». Артқа, 90-шы жылдарға  бірақ секірдік. Жыл сайын креслоталас, тақталас, бақталас, интрига, тендер, ақшаның әңгімесі. 150 мыңның аржақ-бержағында сараң байдың садақасы сияқты «жаль-ақы» алып, күн-түні аттан түспей шапқылаған тілшілердің жағдайы қиын. Тамызда балаларын оқуға дайындай алмай қалған. Одан бері қыркүйек бітіп қазан келді. Ал енді осыған кім кінәлі? Жауап беретін біреу бар ма?» - дейді ол.

Журналистің бұл постына әріптестері бір ауыздан үн қосып, бұл жағдай едәуір резонанс туғызып жатыр. Осының салдарынан 200-ге тарта адам айлықсыз қалған. Журналистердің облыс басшылығына өкпесі қара қазандай.

«Еуропаның төрінде, Лондонда «Ұлы даланың алтыны» атты көрме өтуде. Ал мұнда жергілікті журналистер қайыр тілеп жүр» - дейді жазбаға пікір қалдырған журналист Мейрамтай Иманғалиева.

«АҚША БӨЛМЕСЕ ДЕ ЖҰМЫСТЫ ТОҚТАТПАДЫҚ»

«Шығыс ақпарат» медиахолдингінің басшысы Ерлан Смағұловқа хабарласып көргенбіз. Оның өзі екі апта бұрын жергілікті flashpress.kz интернет-газетіне берген сұхбатында «облыстың ішкі саясат басқармасы менен құтыла алмай жүр» деп мәлім еткен болатын.

«Жалпы холдингтің қаражатының шамамен 50%  – өз табысымыз. Ол полиграфия, жарнама, типография қызметінен түседі. Қалған 50% – мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан келеді. Үлкен медиахолдинг болғаннан кейін біз мемлекеттік тапсырысқа қатысамыз да, ұтып аламыз. Бірақ кейбір шенеуніктер бізді аудандардың, Семейдің тапсырысына кіргізгісі келмейді, өйткені ол басқа біреулерге бөлінген қаражаты дейді. Бізге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Ақпараттық тапсырысқа қатысып, заңды түрде ұтып аламыз», - дейді Ерлан Смағұлов.

Оның айтуынша, холдинг мемлекеттік тапсырыс шеңберінде облыстық ішкі саясат басқармасымен келісімшарт бойынша 2019 жылы 410 млн теңге, 2020 жылы 370 млн теңге ұтып алған.

«Биыл 182 млн теңгеге ғана келісімшартқа отырдық. Ал жұмысты сол күйі істеп жатырмыз. Бізде мысалы SMM департамент бар. Оның шығыны – жылына 130-150 млн теңге. Осы жылы ҚҚС-пен 67 млн теңге келісімшартқа отырдық та, былай қарасақ мемлекеттік тапсырыс бойынша ақпараттық орталыққа шамамен 90 млн теңге бермей отыр. Ал жұмыс көбейіп барады. Азайған жоқ. Екі тілде шығатын Алтайньюс сайтына мемлекеттік тапсырыс мүлде берілген жоқ. Соған қарамастан сайт ішкі саясат басқармасы жолдаған ақпаратты күнбе-күн жариялап жатыр» - дейді ол.

Ерлан Смағұлов «Didar» және «Рудный Алтай» газеттері қатысатын конкурс осы жылы маусымда жарияланғанын, екінші конкурс қазір ғана болып жатқанына наразы.

«Мемлекеттік тапсырысты жыл басында ойнатса болар еді. Ондайда айлықты көтеріп, сыйақы да берер едік. Бірақ мемлекеттік ақпараттық тапсырысты әдейі созып тастайды. Ол созылғаннан кейін біз қарызға кіреміз. Тамыз айында ұжымға 70 пайыз айлықты бердік. 30 пайызына ақша жетпей қалды. Тамыз айы үшін жұмысшыларға қарызбыз. Үш-төрт ай жалақы алмадық деген сөз – дұрыс ақпарат емес. Ал қыркүйек айы үшін айлықты заң бойынша қазанның 10-на дейін төлеткіземіз», - дейді Ерлан Смағұлов.

МЕДИАМЕНЕДЖЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Осы мәселе жөнінде медиа саласындағы сарапшыларға хабарласып көргенбіз. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметовтың айтуынша, өңірлерде ақпараттық саясатты жүргізуде қазір оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Заманның талабына сай қазір баспасөздің жеке өмір сүруі қиындап кетті. Тек жарнамамен жүру қиын. Медиаресурстарды біріктірудің де бір себебі сол. Бұл жерде меніңше, бәрі де жоспарлауға байланысты. Тек мемлекеттік тапсырыстың ғана ақшасы емес, басқа көздерден қаражат тарта білу де үлкен рөл атқарады. Үнемдеу мәселесінің де маңызы зор. Ең алдымен қызметкерлердің еңбекақысы – бірінші орында тұруы тиіс. Қаншама адамның тағдыры соған байланған. Осының бәрін алдын ала жоспарлау керек», - дейді ол.

Ал белгілі тележурналист, медиаменеджер Бибігүл Жексенбай мәселенің түп-төркіні басқада екенін айтады.

«Шынын айтқанда бұрынғы кездердей әрбір облысқа, ауданға ақпарат құралдарын байлап қою заманы өтіп кетті. Оны енді кезіндегі кеңес одағынан қалып қойған сарқыншақ деп айтуға болады. Екіншіден, БАҚ-тың міндеті – халыққа шынайы ақпарат беру, қоғамды шұғыл түрде шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Жергілікті биліктің бюджетімен шығатын басылымның немесе БАҚ-тың билік туралы шынайы ақпарат беретініне күмәніміз көп екені рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондағы адамдар да. Халықтың да сенімі болмайды. Қазір ең үлкен мәселе – билікке халықтың сенімінің азайып кеткендігі. Дәл осы тұрғыдан қарағанда менің ойымша, үлкен ұжымды, бұқаралық ақпараттық құралдарын тәуелді етіп қою – қаттырақ айтқанда, миға қонымсыз», - дейді ол.

Бибігүл Жексенбай Еуропа елдерінде мұндай жүйе мүлде жоқтығын айтады.

 

«Егер қолдау көрсеткісі келсе, жергілікті билік әртүрлі ұйымдар немесе конкурстар арқылы қолдауына болады. БАҚ-ты билікке байлап қою дегеннің өзі: биліктің қолдауы ма, жоқ әлде, биліктің тапсырысы ма, әлде идеологияны жүргізгісі келе ме– түп мақсаты түсініксіз. Оны бақылап, қадағалаудың басқа түрі бар – ол заң. Бізде алдымен БАҚ туралы заң мықты болуы, оның орындалуы керек. Сол заң шеңберінен ақпарат құралдары шықпауы тиіс. БАҚ саласына қатысты қоғамдық ұйымдардың беделі мен пәрменін күшейту керек», - дейді ол.

Медиаменеджер Шығыс Қазақстандағы үлкен әрі белгілі ұжымның айлықсыз отыруы ойға қонымсыз екенін мәлім етті.

«Заң орындары, Еңбек министрлігінің сол жердегі өкілдері қайда қарап отыр? Қазір қойды кезекпен бақтырсаң да, алдын ала ақшасын төлейсің. Ал халық пен биліктің ортасында дәнекер болып жүрген журналистердің өздерін осылай әурелеп қоюуы тіпті орынсыз», - деп түйді ол.

ЕСЕСІНЕ КӨРМЕ КӨҢІЛДІ

Шығыста осындай шу шығар алдында облыс басшысы Даниал Ахметовтың өзі Лондонға ұшып кеткен көрінеді. Нақтырақ айтқанда, Шығыс Қазақстан жерінен табылған жәдігерлер Кембридждегі Фицуильям музейінде көрмеге қойылған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен осы іс-шараға көне түркі дәуірінің құндылықтарын Ұлыбритания еліне дәріптеу бастамасын Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бастапты.

Инстаграмдағы Protenge.kz парақшасында бұған дейін аталған көрмеге әкімдік «MADE in KZ» тобын апару үшін 19,7 млн теңге бөлгелі отырғанын хабарлаған болатын. Паблик сонымен бірге әрбір адамға виза рәсімдеудің өзі 800 мың теңгеге айналуы, барғандардың ол жерде жүріп-тұруы, ас-суы, ПТР тестімен бірге бұл көрменің өзі облыс бюджетіне арзанға түспегенін болжайды.