×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Мораторий аяқталатын жыл: Қазақ киікті атып байымайды

16.05.2022, 08:10
Фото: Мейірбек Тажкуранов

2015 жылы қазақ даласында киіктің жаппай қырылғаны есіңізде ме? Шамамен 150 мың ақбөкеннің қырылғаны айтылған сол тұста. Түз тағысының басына түскен қасіреттің басты себебі пастереллёз деген аурудан екені айтылса да, проблеманың гептилден де келгені туралы пайым-пікірлер болған. Ғалымдар осыдан кейін ақбөкендер жойылып кетпес үшін шұғыл шара қабылдауды ұсынған еді. Ақыры, 2020 жылға дейін киікті атуға мораторий жарияланып, 2020 жылы бұл тыйым тағы үш жылға ұзартылды. Яғни биыл – мораторийдің аяқталатыны жылы. Осы уақыт аралығында киік саны қаншаға өсті? Сала мамандары не дейді? Мораторийді ұзарту керек пе? Ulysmedia.kz порталы осы сұрақтар төңірегінде мамандар не дейтінін анықтап көрді.

Құралайдың салқыны басталды

Қазақ танымында «Құралайдың салқыны» деген ұғым бар. Бұл мезетте киелі жануар төлдеуді бастайды. Киіктің жаппай төлдеп, төлін аяқтандыратын мезеті табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келеді. Бұл шақты қазақ «құралайдың салқыны», «киіктің лақ өргізбесі» деп атайды. Бөкендер төлдейтін уақытпен дөп келетін бұл мезгіл мамырдың орта тұсынан басталып, айдың соңына дейін созылады. Әртүрлі деректер бойынша, салқын 19-21 мамыр аралығын қамтиды. Яғни дәл қазір қазақ даласында Құралайдың салқыны басталған шақ.Табиғаттың мұндай тылсым мінезі әсіресе Қазақстанның солтүстік, орталық аймақтарында көбірек білінеді. Ондайда күн күрт бұзылып, таулы аймақтардың төбесіне бұлт үйіріледі. Осы сәтті пайдаланып, төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген аспан астына топтасады.

Киік төлдегеннен кейін төлін алаңсыз далаға, жыңғыл арасына тастап кете береді екен. Себебі құралай бір бағытпен жортады. Зерттеушілер зерттеу барысында құралайдың картаға сызған жол траекториясы секілді ізден ауытқымайтынын дәлелдеген. Соның арқасында жапан түзде босанып, сапарын жалғастырып кеткен киіктің бөкенін сол аралықтан өткен екінші жануар тауып алып, емізеді. Төл үш күн бойы жалғасып, аяққа тұрғаны кезіккен үйірге еріп жүре береді.

«Құралай салқынының» мына бір ерекшелігіне назар аударыңыз. Жануарлар ыстықта төлдейтін болса, лақтың кіндігі тез жазылмай, шыбын-шіркей жара түсірер еді. Түз тағысы бұған шыдас бермесі анық. Оған қоса мамыр соңында далада «түйетабан» өсіп шығады. Оның жапырағы жаңа туған құралаймен түстесіп, сырт көзден жасырып тұрады екен. Солайша қырағы бүркіттің өзі табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайды. Құралайлар аяғына тұрысымен-ақ, әлгі «түйетабан» өсімдігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді.

Киіктің тағы бір ерекшелігі, жетімін жатқа қалдырмайтын қазақ секілді жетім қалған лақтарды далаға тастап кетпейді екен. Маң далада аналық алдынан маңырап шыққан жетім лақты емізіп, бауырына басып, өзімен бірге қалдырмай ертіп жүре беретін мейірімді жануар деседі мамандар. Сонымен бірге ақбөкеннің ен далада ойнақтап жүрген мыңдаған лақтың ішінен өз төлін адаспай табатын қасиеті бар екен.

Киік – кие

Қазақ неліктен киікті киелі аң қатарына жатқызады? Ақын Қалқаман Сариннің «киік – қазақ секілді, қазақ – киік» деген өлеңі бар. Киік қазақ секілді – жетімін жатқа қалдырмайды. Жетім лақтарды далаға тастап кетпейді. Алдынан маңырап шыққан жетім лақты емізіп, бауырына басып, өзімен бірге қалдырмай ертіп жүре береді. Ақбөкеннің ен далада ойнақтап жүрген мыңдаған лағының ішінен өз төлін дөп басып табатын қасиеті де бар.

Ақбөкендердің айрықша қасиетінің бірі – мәрттігі мен сертшілдігі. Олар соңынан қуған қуғыншы – ажалдың алдын кесіп өтуге өлермендене ұмтылып, ақыры бір кесіп өтеді екен. Егер аяғы сүрініп сұлап түссе, жанары мөлтілдеп жата береді. Тіпті, алқымына пышақ тақасаң да ажалының көзіне тура қарап, тұяқ серіппейтіні киіктің киелілігінің бір дәлелі.

Киіктің жаңа туған лақтары жарты сағаттан соң аяқтанады. Екі-үш күндік құралайды жүйрік атпен де қуып жету мүмкін емес. Жүгіргенде жылдамдығына көз ілеспейтін құралайдың аналығы лақтарына қауіп төнсе, төлінің маңынан жыртқышты аулаққа алып кетуге тырысады. Қауіпті сезінген лақ та енесі қасынан ұзағанда ешқандай тіршілік нышанын сездірмей бірнеше сағат бойы қыбыр етпей жата қалады. Жас туған шыбыштары лақтарын суат басына апармайды. Оларды алысқа қалдырып өздері келіп алдымен барлап-бақылайды. Бір-екі аптадан соң ғана аналық киік лақтарын суатқа бастап әкеліп, суды аса сақтықпен алдымен өзі ішетін көрінеді.

Міне, киіктің осы киесін құрмет тұтқан қазақ қызына Құралай деп ат қойып, елден ерек сүйкімдіні «Киіктің лағындай» екен деп бағалайды.

Мораторий: Мамандар не дейді?

Жоғарыда атап өткеніміздей, 2023 жылы киікті атуға салынған мораторий аяқталады. Белгілі экобелсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, қазір Қазақстанда браконерліктің көбі қазір киікке байланысты туындап жатыр. Неге десеңіз, Шығыс медицинасында киіктің мүйізі өте жоғары сұранысқа ие екен.

«Меніңше, мұны заңдастыру керек. Браконьерлер атып, заңсыз елден шығарғанша, киіктің санын реттеп, мүйізін заңды жолға қойып, мемлекет өзі жауапкершілікке алсын. Одан кейін табысты киіктердің ары қарай өсімін молайтуға, басқа да жануарларды қорғауға, инспектордардың көліктерін жаңартуға, жаңа технологияларды алуға жұмсауы тиіс», - деген пікірде Сәкен Ділдахмет.

Дегенмен, мораторий әлі де созылуы тиіс деген пікірлер де айтылады. Экологиялық мәселелелер төңірегінде ойын ортаға салып жүрген маман Самал Ибраеваның айтуынша, қазақтың кең даласында киік әлі де көбеюі тиіс. Оны атуға болмайды дейді ол.

«Осы күндері киіктердің әуе санағы да басталып кетіпті. Жыл сайын киік саны өсіп келеді, шүкір. Өз басым киіктерді атуға қарсымын. Киелі киікті атып қазақ қарқ болмайды. Мораторий ұзартылуы керек», - дейді Самал Ибраева.

Аңшыларға салсаң киікті ертеңнен бастап атуға әзір. Олардың келтіретін аргументтерінің бірі – аңшылық та шаруашылық. Ол арқылы да бюджетті қампайтуға болады. Екіншіден, олардың айтуынша, киіктің көбеюі әсіресе Батыс Қазақстанда егін егетін шаруалардың шекесін қыздырмай тұр. «Киік егінге түсіп кетіп жатыр» деп шағымданады шаруалар. Бүгін де Қазақстанда киіктердің саны ресми статистика бойынша миллионнан асып кеткен. Алайда миллионнан асты деп, киікті атқан дұрыс па?

Кім кімнің бақшасына түсіп кеткенін де ескеріп қойсақ. Атам заманнан кең далада жайылған киіктің өрісінің тарылуына шаруаларға жердің оңды-солды беріле бергені де себеп болып отыр. Мұндай пікірді портал тілшісіне бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Батыс Қазақстанда бес ауданның әкімдігі мен диқаншылары «жайылымдарға киік келіп жатыр, саны көбейіп кетті, ату керек , санын азайту керек» деп жатыр. Жағдай олай емес. 1993 жылдан бері мыңдаған киік жайылған миллиондаған гектар жайылым ауыл шаруашылық нысанындағы жерлерге ауыстырылып шаруаларға беріліп кеткен. Айта берсең әңгіме көп. Даламыздың сәні киіктеріміз көбейе берсін», - дейді Ерлан Нысанбаев.