×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Жарықсыз қала, үзілген спектакль: Қорқыттың тылсымы ма, әлде Шөкеев аппаратының шалалығы ма?

24.05.2022, 10:16
Фото: Ulysmedia.kz

Түркістан музыкалық драма театрының жаңа премьерасы сахналанып жатқан уақытта жарық өшіп қалды. Жарықтың сөнуін жұртшылық Қорқыттың тылсым сырымен байланыстырды.

21-22 мамыр күндері өткен «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінің премьерасына Көпбасарова тағы да елге танымал жоғары қауым өкілдерін жинады. Пластикалық спектакль деп жарнамалаған қойылымды тамашалауға Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінің премьерасында; Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Астанадан ат арытып келгендердің қатарында тележүргізуіші Айгүл Мүкей, Ләйлә Сұлтанқызы, әнші Тамара Асар, Жеңіс Сейдолла, Олжас Сыдықбек бар. Одан бөлек облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да қойылымға қалмай келіпті.

«Түркістанға келуіміздің негізгі себебі де осы еді. Шығармашылық ұжымды құттықтаймыз», деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы директорының орынбасары Олжас Сыдықбек инстаграм парақшасына.

Өнер және мәдениет майталмандары театрда спектакль тамашалап отырғанда, қалада шаңды дауыл соғып жатты. Белгілі болғандай, спектакльдің орта тұсында театрда жарық сөніп қалған. Мұны тележүргізуші Айгүл Мүкей Қорқыттың тылсым сырымен байланыстырды.

«Өте тылсым спектакль. Орта тұсына таман Түркістан бойынша жарық өшіп қалды.  Айтпақшы, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл көтергені туралы аңызды білетін боларсыздар. Ол өмірге келерде жер әлемде дауыл мен боран көтерілген. Дәл осындай дауыл мен боран кеше Түркістан мен облыста болды. Осыдан соң аруаққа қалай сенбейсің», деп жазды Айгүл Мүкей өзінің инстаграм парақшасына.

Бората соққан дауылдан Түркістандағы «Тұран» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесу тоқтады. Ал Шымкентте орталық стадионда ойынның алғашқы минуттарында екпінді желге шыдамаған әкімшілік ғимаратының шатыры ұшып, 7 мыңнан астам көрермен отырған алаңның ортасына түсті.

Түркістандық тұрғынның айтуынша, қалада 21 мамыр күні өшкен жарық бір тәуліктен соң ғана қосылған.

«Түркістанда жел соққан сайын жарық өшіп қала береді. Үйреншікті нәрсе», дейді қала тұрғыны.

Айгүл Мүкейдің қисынына салсақ, Қорқыттың рухы «жарықты өшіріп» түркістандықтарды жиі қорқытатын секілді.

Электрмен қамтамасыз ету мәселесі – Шөкеев басқарып отырған облыста әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткіл. Салаға жауапты ведомство өкілдері мәселені қашанғы ауа райының қолайсыздығына ысыра бермек?

Ресейлік мамандардың қолынан шыққан «Қорқыт»

Былтыр Айнұр Көпбасарова төл тарихымыздан сыр шертетін «Бөртені» Италиядан келген қос режиссерге сеніп тапсырған еді. Бүгінгідей саяси жағдайлар құбылып тұрған уақытта бұл жолы түркі халықтарының ортақ бабасы Қорқытты сахналауға ресейлік мамандардың көмегіне сүйенуді қош көріпті.

Спектакльдің қоюшы-режиссері – белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов болса, қойылымның  сахна суретшілігіне Татьяна Вьюшинская тартылған. Жарық бойынша суретші – Татьяна Мишина, ол Ресейдің «Золотая маска»  ұлттық фестивалінің  жеңімпазы,  ал видеоконтент бойынша қоюшы суретші ретінде Сергей Рылко таңдалған.

Қойылым шығындары тағы да белгісіз

Бұған дейін қазынадан қыруар қаржы жұмсап үйренген Түркістан театры бұл жолғы қойылымның шығындары туралы тағы да тіс жарған жоқ. Ал Көпбасарованың өнердегі жанашыр «достары» «ит үреді, керуен көшеді» деген ұстаныммен ел қазынасынан жұмсалып жатқан қаржыға көз жұма қарағысы келеді.

Мемлекеттік сатып алу сайтында, қойылым қарсаңында театр бірнеше сатып алу жасаған. Оның бірі Көпбасарованың өзіне қатысы бар – «ArtLab Studio ALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Арнайы техниканы жалға алу үшін 27-ші сәуір күні құрылған келісім шарттың құны – 27 млн теңге. Тендер бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткен. Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісімде 18 млн 730 мың теңге 2022 жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтің сомасы деп көрсетілген. 

Ал 28 сәуір күні «TURKISTAN SILK WAY HARBOR» ЖШС-мен жасалған келісім шарт құны 22 млн теңгеден жоғары. Техникалық сипаттамасында «уақытша қонақ үйде тұру қызметтері» деп көрсетілгенімен, бұл сатып алудың да нақты мақсаты анық жазылмаған.

2022 жылы мемлекеттік сатып алу сайтында театрдың спектакльдерін сахналауға жиі техникалық қолдау көрсететін «ArtLab Studio ALS» ЖШС театрмен жалпы сомасы 115 млн 220 мың теңге болатын келісім шарт жасап үлгерген.

Оқи отырыңыз: Hermes, Fendi, Louis vuitton: Театр директорының 2-3 млн теңгелік сөмкелері

Айта кетейік, Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклін сахналауға 246,7 млн теңге бөлгенін ulysmedia.kz редакциясы арнайы зерттеп, хабарлаған болатын. Түркістанда аталған қойылымды сахналауға елдегі ең танымал актерлер еліміздің әр өңірінен арнайы шақыртылған еді. Белгілі театр мамандары тұрақты емес актерлік құрамның басын қайта қосу қиын және оған жұмсалатын бюджет шығыны да аз болмайтындығын айтып, қынжылыс білдірген-ді. Айтса айтқандай, театр «Бөрте» қойылымын Нұр-Cұлтанда сахналауға 32 млн теңге жұмсалған болатын. «Қорқыт туралы аңыз» қойылымының да алдағы сапарына қазынадан қыруар қаржы жұмсалатыны анық.

Ұлысмедиа бұдан бұрын Көпбасароваға қатысы бар компаниялар тобы Яссауи мұражайының дизайнын жасуға 1,1 млрд теңге алғаны туралы жазған еді. Қаржыны игеру барысында сыбайластық деректері бір емес, бірнеше рет әшкере болса да облыс басшылығы мен театр әкімшілігі қазынадан жұмсалып жатқан қаржыға қатысты ресми жауап берген емес.