Полиция қызметкерлері қызынан көңілі қалған жігітті көпірден секірмеуге көндіруге тырысқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 1 қазан күні түнгі 23:00 кезінде полицияға Үлбі көпірінде ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабарлама келген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде жігіт көпірдің жақтауында тұрған. Аға лейтенант Бекарыс Абдолданов уақыт жоғалтпай, суға секіргелі тұрған жігіттің екі қолынан қапсырып ұстап алған. Осы уақытта оның жанындағы Дидар Болатбаев жас жігітті суға секірмеуге көндіріп баққан. Үшінші полиция қызметкері Азат Артамбаев құтқару жилетін киіп, көпірдің астына қарай жүгірген. Ондағы мақсаты – жігіт суға секіріп кеткен жағдайда құтқарып қалу.
Осы уақытта оқиға орнына Криминалды полиция департаментінен екі қызметкер – Ерік Ерсайынов пен Аян Сембаев келеді. Олар да әріптестерінің соңынан көпірдің астына қарай барады.
Полиция қызметкерлерінің сөзіне құлақ аспаған жігіт суға секіріп кеткен. Сол сәтте полиция қызметкері Ерік Ерсайынов суға сүңгіп, секіріп кеткен жігітке қарай жүзіп барады. Су ағысымен кетіп бара жатқан жігітті ұстап қалып, жағаға шығарған. Одан кейін патрульдік көлікке апарып, алғашқы көмек көрсетеді. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері 23 жастағы жігітті ауруханаға алып кеткен.
Кейін анықталғандай, жігіт бұл қадамға қызымен ұрсысып қалғандықтан барған.