×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

21 мың адамға – 1 автобус: Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары әкімдікке талап қойды

08.06.2022, 09:37
фото: ашық дереккөзден

21 мыңнан астам адамға 1 автобус аздық етеді. Осылай деп уәжін айтқан Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары әкімдікке «қоғамдық көлік бағытын арттырсын» деген талап қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Көлікке мініп жатқан жұрт қалаға №16 автобуспен қатынайды. Іргеде тұрса да Іргеліні өткенше ішінде ине шаншар орын болмайды дейді ел. Оның үстіне, қоғамдық көліктің келу уақыты да әр түрлі.

«Жұмысқа сағат 08:00-де бару үшін 06:00-да тұрамыз. Кешігіп  баратын кезімізде болады. Себебі автобусты 40 минут күтеміз», – дейді Іргелі ауылдық округінің тұрғыны Данияр Мәметәлиев.

«Іші өте лас. Шаң басып кеткен. Терезені ашсаң астыңнан шаң ұрады. Қаншама жаңа автобустар бар. Сол сияқты мұны да жаңартса дұрыс болар еді», – дейді Іргелі ауылдық округінің тұрғыны Досан Аман.

Қалаға қатынайтын қоғамдық көлік машақатын «Асыл Арман» тұрғындары ғана көріп отырған жоқ. Жақын маңдағы Іргелі ауылының жұрты да осы жерден мінеді. Олардың сөзінше, автобустың сағаттап келмей қалған кездері де болған.

«Техника болғандықтан, бұзылып қалатын жағдай болады. Оған ешкім жауап бере алмайды. Ойламаған жерден бұзылып қалуы мүмкін», – дейді қоғамдық көлік жүргізушісі Батыржан Маматқұлов.

«Қоғамдық көлік тапшы» деген «Асыл Арман» тұрғындары екінші аялдаманың барын айтты. Алайда оған жету үшін олар көпірмен жүріп өтуі тиіс. Ал бұл биік көпірге зейнет жасындағы адамдар «Өрмелеуге әліміз жетпейді» деп отыр. Сондықтан олар әлгі аялдамада күтуге мәжбүр.

Автобуспен қатынайтындар таңертең және түсте осында жиналады. Күннің астында тұруға шыдамағандар көлеңке іздеп, жаңбыр жауса тұратын жер таппай кетеді екен. Себебі мұнда аялдама жоқ. Әкімдік өкілі оның да өз себебі барын айтты.

«Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі орналасқан аялдама қазір заңсыз. Өйткені жекеменшік жер телімінде. Былайша айтқанда, бір кісінің атында бұл жер. Тұрғындар өтініш түсірген жағдайда өтініштерін қарастырып, тиісті мекемелерге хат жолдаймыз. Мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз», – дейді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Амантай Терлікбаев.

Одан бөлек, әкімдік өкілі «автобус санын арттыру» мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты. Алайда ол үшін, ең алдымен, тұрғындардың өзі жергілікті артқарушы органға «өтініш» қалдыруы тиіс екен. Сонда ғана «қоғамдық көлік саны артады, аялдама пайда болады» дегенге келтірді. Ал әзірге тұрғындар тар автобустағы орынға таласып, өздері айтқандай, қалаға дейін сығылысып жүре тұруға мәжбүр.