×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Депутаттар Өскенбаевтың үстінен Склярға шағымданды

22.06.2022, 13:01
Коллаж: ulysmedia.kz.

Олардың айтуынша, жол құрылысы жағынан Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Қайырбек Өскенбаевтің ведомствосы жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталының тілшісі.

Мәжілісмен Сәлімжан Нақпаевтың айтуынша республиканың батысындағы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахань» жолының маңыздылығы көптен айтылып келе жатыр. Бұл жолмен Атырау қаласына 100 мыңнан аса халқы бар Исатай, Құрманғазы аудандарының тұрғындары қатынайды. Көрші Ресей елінің Астрахань облысымен сауда-саттық, туризм, тұрмыстық қарым-қатынастар жасалады.

Жоспар бойынша 2019 жылдан басталып, 2022 жылы толық аяқталуы тиісті бұл жол, жоба жасаушылардың білімсіздігінен, оны қадағалайтын тиісті министрліктің салғырттығынан, 2023 жылға кешіктірілген. Бұл алдымен жергілікті жердің тұрғындарының наразылығын туғызған. Өйткені, адам шығынына әкелетін жол-көлік апаттары орын алып жатқан көрінеді.

«Бұл мәселеге біздер, Мәжіліс депутаттары араласып, осы жылдың ақпан, сәуір айларында министрліктің жауапты қызметкерлерімен, жұртшылықпен сол жол бойында кездесіп, түсінік беріп, жол құрылысын бақылауға алдық. Одан кейін жол құрылысына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өзі барып, биыл жолдың бетіне асфальт төселген соң, 2022 жылдың соңында халыққа пайдалануға жолды ашатындарын, ал жоба жұмыстарын түгелдей 2023 жылы аяқтайтындықтарын айтқан болатын. Сол кездесуде министр өзі ай сайын осы жол құрылысын бақылауға барып тұратынын да айтқан. Міне, мамыр, маусым айлары да өтті. Министр де келді. Бірақ, бақандай төрт мердігері бар жол құрылысы әлі де орнынан қозғалмады», - дейді депутат.

Оның айтуынша, трасса бойында 50-60 шақырым болатын, әлі де жолшының қолы тимеген участоктер жатыр. Жергілікті тұрғындар күте-күте шаршағандықтан жолды бақылауға алып, әлеуметтік желілер арқылы мұндағы сын көтермейтін құрылыстың барысын айтып, облыс, республика халқын құлақтандыруда.

«Осының бәрі халықтың Үкіметке, Ұлттық жобаларға деген сеніміне нұқсан келтіруде. Жолға керекті қаражат халықаралық қаржы институттары арқылы толық шешілген. Мердігер саны біз білетін жерде 4, олардың жалдаған субмердігерлері одан да көп. Бірақ, ең бастысы өкінішке қарай министрлік жұмысты ұйымдастыра алмай отыр», - дейді ол.

Сәлімжан Нақпаев үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға осы мәселеге араласуды, әлі де болса Атырау-Астрахань тас жолының маңызын жете түсініп, болып жатқан жол апаттарының алдын алып, халықтың асыға күткен жобасын уақытында іске қосуды талап етті.

«Ол үшін «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысын аяқтау үшін әрбір жол учаскелеріне арналған әрқадамдық жол картасын жасақтау керек. Сондай-ақ, осы жобаның барысы жөнінде бөлек жиналыс ұйымдастыру. Онда жол құрылысында болып жатқан қиындықтарды ашық айтқан дұрыс. Жол құрылысына өзіңіздің баруыңыз және жеке бақылауыңызға алуыңыз қажет», - дейді бір топ депутат атынан Сәлімжан Нақпаев.