×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

Маңғыстауда жұмыс тауып беруді талап еткен тұрғындар жолды жауып тастады

30.06.2022, 09:19
фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында жұмысқа орналастыруды талап еткен ауыл тұрғындары жолды жауып тастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"29 маусым күні сағат 18.20-да Жетібай мен Мұнайшының 30-ға жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай секторына жұмысқа орналастыруды талап етіп, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ кен орнына баратын жолды жауып тастады", – делінген әкімдік хабарламасында.

Қарақия ауданы әкімдігінің өкілдері наразы топқа түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға жұмысқа орналастыру жалпы кезек бойынша жүргізілетіні хабарланды. Кезектен тыс жұмысқа орналастыру басқа үміткерлерге жасалған әділетсіздік болатыны түсіндірілді.

Әкімдік дерегінше, ауданда жыл басынан бері 366 жұмыс орны ашылған, бұл мақсатқа 2022 жылы өңірлік жоба аясында 180 миллион теңге бөлініпті.

"Қазір бұл бағдарлама бойынша 172 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 170 000 теңгені құрады. Айта кетейік, қазіргі уақытта облыстық жұмыспен қамту орталығында орташа жалақысы 100 000 теңгеден асатын бос орындар бар. Бірақ тұрғындардың басым бөлігі  жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, қарапайым жұмысқа барудан бас тартады", – дейді әкімдіктегілер.