×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Абай облысында балаларға арналған екі бірдей оңалту орталығы ашылды

09.07.2022, 09:23

Абай облысында 1200 бала үшін қазіргі заманғы оңалту мүмкіндігі пайда болды. «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жаңа Абай облысында бірден екі мемлекеттік оңалту орталығының ресми ашылуына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз еткен «Қамқорлық» оңалту және ерте араласу орталықтары туғаннан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді және 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды.

Осылайша, енді жыл сайын 1200-ге жуық дамуында кінәрат бар және олардың пайда болу қаупі байқалған балалар Семей қаласының перинаталдық орталығында орналасқан орталықтарда кешенді оңалтудан өте алады. Екі қабаттан тұратын орталықтар 1500 шаршы метр аумақты алып жатыр және әлемдік әрі заманауи медициналық оңалту-диагностика жабдықтарымен жабдықталған.

Балалармен және жасөспірімдермен реабилитолог, невролог, емдік-дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевт, психолог, логопед пен дефектологтан тұратын мамандардың мультидисциплинарлық командасы жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда жаңа орталықтарда Абай облысының 559 баласы көмек алса, оның ішінде оңалту курсынан кейін 61 бала алғашқы қадамын жасап, 105 бала алғашқы сөзін айтты.

Тиісті орталықтардың ерекшелігі бір жерде баланың дүниеге келуінен бастап есею кезеңіне дейінгі денсаулық жағдайын бақылаудың сабақтастығы мен үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде, бұл балалар арасындағы мүгедектікті азайтуға ықпал етеді және табысты оңалтудың кепілі болып табылады.

«Семей қаласындағы ерте араласу орталығын жабдықтау үшін біздің компаниялар тобынан 91 миллион теңгеден астам, ал оңалту орталығына 174 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нәтижесінде олардың әрқайсысында жыл сайын 600 баланы емдеуге жағдай жасалады. Бірінші кезекте, бұл өңірлеріңізде орналасқан «Самұрық-Қазына» АҚ кәсіпорындарының игі іске қосқан үлесі екені анық. «Самұрық-Қазына» АҚ өз қызметінде қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті басымдық ретінде таниды. Осылайша, Қордың компаниялар тобының атынан әрекет ететін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры 2021 жылы жалпы сомасы 7 млрд теңгеден асатын 32 әлеуметтік жобаны іске асырды. Осы көмек аясында біз жарты миллионға жуық адамды қамтыдық», - деп атап өтті Ғибрат Қайратұлы.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Қамқорлық» бастамасы шеңберінде 2020 жылдан бастап «Қазақстан өңірлерінде балаларды жақын жерден тұрақты және сапалы оңалту көмегін қамтамасыз ету үшін оңалту орталықтары ашылып, толық жабдықтау үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Жыл соңына дейін олардың саны 22-ге жетеді. 2023 жылы осындай орталықтар тағы да 13 өңірде ашылады.

Жоба ірі қалалар мен облыс орталықтарын ғана емес, сонымен қатар еліміздің шалғай ауылдарын да қамтып, бұл балаларды тиімді оңалтудың қажетті қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.