Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы әуежай терминалының үлесі неліктен Ресей компаниясына сатылып кетті» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біздің әуежай өте ескі болды. Ол бүгін ғана емес, 2009 жылдан бері жеке компанияның қолында. Орал тұрғыны болғандықтан, мәселені жақсы білемін. Сол әуежайдың жағдайы: халық ұшаққа отыратын ешқандай мүмкіндігі болмады. Оның ішінде жолаушыларды қаблыдайтын орын болмады. Багаж қабылдайтын жерде құрылғының бәрі тозып бітті. Әуежайдың терминалының өзі бүгінгі талаптарға сай келмеді. Соған байланысты ұшып-қонуға, әуе рейстерін ашуға мүмкіндік болмады. Ең қиыны, ұшаққа отырғызған кезде жертөледе төменге түсетін баспалдақ керек еді. Соның жоқтығынан мүгедек жандар, балалы аналар төменге түсе алмайтын. 6,6 млрд теңгеге әуежайды Ақжайық СПК арқылы сол кездегі компанияның басшыларымен бірге келісімшартқа отырып, жеке компания арқылы осы қаражатқа жөндеу жүргізілді. Соның арқасында барлық талаптарға сай әуежай терминалын қолданысқа енгіздік. Сағатына 400 жолаушыны өткізе алатындай деңгейге жеттік», - деді Төреғалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, электр желілері, өрт қауіздігіне қатысты, басқа да тексеру құралдарының бәрі талапқа сәйкестендірілген.
«Неліктен Ресей компаниясы? Жалпы, әуежайдың жыры біраздан бері келе жатыр. Бүгін ғана ол жеке компанияға өткен жоқ. Бүгінгі таңда ресейлік компанияның осы әуежайдағы үлесі 49 пайыз. 49 пайыз біздің Қазақстан азаматы Дәулетхан Қилыбаевқа, тағы екі пайызы Қазақстан азаматына тиесілі. Яғни 51 пайызы бізде. Бұл - басқарушы компания. Әуежайдың ұшып-қону жолағы, терминал, бәрі мемлекеттің меншігінде. Олардың меншініде – ұшақ бұрылатын жердегі шағын ғана учаске және перрон. Болды! Қалған барлық стратегиялық нысан үкіметтің меншігінде», - дейді ол.
Әкімнің айтуынша, Ретранс компаниясы «Аэропорт регионов» деген холдингке қарайды. Ол холдингте Ресейдегі 14 терминал бар.
«Сондықтан, бұл компания әуежайдың 49 пайыз үлесін алған кезде әрине үкімет қаулысына сәйкес берілді. Құзыретті орган ИИДМ Азаматтық авиация комитеті. Сол комитет соған жауапты комитет. 49 пайызды иеленер алдында ресейлік компанияның келісімі барлық құзыретті органмен келісілген. Кімдерге байланыста? Бәрі заң аясында тексерілген. Ешқандай қорқатын ештеңе жоқ», - деп сендіреді әкім.
Нариман Төреғалиевтің сөзінше, бұл компанияның алдында жоспар бар.
«Перрон және бұрылып қону жолдарын биыл жөндеңіздер деп отырмыз. Нақты алдарына тапсырма қойдық. Оның сыртында ескі және жаңа әуежайдың арасы жер мен көктей. Оралмен республика және шетелдік бағытта 8 ұшақ ұшып жатыр. Алдымызда тағы да бес бағытты көбейте жоспарда тұр.
Ол компания тек қызмет көрсетеді. Құрылтайшыларына қатысты алаңдаушылық болмауы керек», - дейді әкім.
«Пессимистік сценарийден қорықпайсыз ба?» деген сұраққа әкім елде әуе кеңістігі жайлы заң барын, сонда «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда уақытша бақырау мемлекетке өтетіні» жазылғанын ескертті. «Яғни сол жердегі компанияларды ысырады» дейді әкім.
Еске сала кетсек, ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысы бар компания «Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың қожайыны атанды» деген ақпарат бұған дейін қызу талқыланған еді.