×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Айтыстан ба? Ел шығысындағы бірнеше ауданда ұялы байланыс пен интернет өшіп қалды

01.08.2022, 11:22
Коллаж: ulysmedia.kz.

31 шілде күні Шығыс Қазақстанның Тарбағатай, Зайсан ауданы мен Абай облысының Ақсуат, Көкпекті ауданында ұялы байланыс тартпай, интернет өшіп қалған. Бұл туралы сол ауданның азаматтары айтып жатыр. Байланыс 1 тамыз күні сағат 00.00-ден кейін ғана қалпына келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz порталы аталған аудандардың азаматтарымен сөйлесіп, расында да байланыстың болмағанын анықтады. Журналист Азамат Қасым әлеуметтік желіде бұған қатысты мұндай тұспалды жазады.

««Асыл домбыра» айтысының бас жүлдесін Ринат Зайытов алды. Ақсуатта интернет бұғатталып, біраз жұрт хабарсыз қалған соң жазып отырмын. «Кім жеңді?» деп сұрап жатқан кісі көп. Интернеттің әлсіреуіне айтыскердің кешегі сұрапыл айтысы, бүгін финалға шығуы әсер еткен секілді...» - дейді ол.

Айтыста болған Айдын Егеубаев атты азамат интернет бұғаттаулы болғанын растады.

«Айтыстан болуы мүмкін.. Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті аудандарында байланыс болған жоқ, интернет мүлдем болған жоқ. Айтыстың видеолары тарап кетіп, жақын аудандар жиналып кетіп, билікке талап қойып жүрмесін деп бұғаттаған шығар», - дейді ол.

Зайсан ауданының тұрғыны Зәуре Баймұхамбетова да болған жағдайды «полная глушка» деп жазады.

Бұл мәселеге байланысты Ulysmedia.kz Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хабарласқан. Министрліктің баспасөз хатшысы мәселенің мән-жайын анықтауға уәде берді. Портал хабарласқан байланыс операторлары да кейін жауап беретінін жеткізді.