×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Қарағандыда кәсіпкер әйел 20-дан аса ағашты отап тастаған - іске Жеңіс Қасымбек араласты

10.08.2022, 14:20
Фото: Pixabay.com

Қарағандыдағы Бұқар жырау даңғылында орналасқан «Абсолют» сауда үйінің басшысы Анжелика Борисенконың бұйрығымен жалдамалы жігіттер 20-дан аса ағаштың бұтақтарын кесіп тастаған. Бұл қала тұрғындарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ағаштардың кесілгені туралы ақпарат әлеуметтік желідегі Патриот Караганды парақшасында жарияланды. 

«Мұндай бассыздық тәртібі жоқ қалада ғана болады. Қаланың қақ ортасында ағаштарды кесіп жатқанын әкімдік неге көрмеген? Қаланы тәулік бойы түсіретін бейнежазбалар арқылы неге байқамаған? Өсіп тұрған ағаштарды отап тастайтындай батылдық кәсіпкер Борисенкода қайдан пайда болды? Ағашты санитарлық тұрғыдан кесуді білмейтін, дәл осылай отап тастауға жол беретін мамандар неге заңды түрде жұмыс істеп отыр?» , - деп жазды автор. 

Кейін бұл мәселеге Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те араласты. Облыс әкімінің айтуынша, талдарды кесуге Қазыбек би аудандық әкімдігі рұқсат берген. 

«Қазыбек би аудандық әкімдігімен белгілі бір келісімдер болған. Осыдан соң, мемлекеттік орган ағаштарды санитарлық тұрғыдан дұрыс кесуін қадағалауы тиіс еді. Ешкім бақыламаған. Ал кәсіпкер бәрін өз қалауынша, варварлы түрде істеді», - деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа ескерту берді. 

«Бұл мәселе бойынша сізге және аудан әкімдеріне талай тапсырма берілді. Бірақ бизнестің қолданыстағы актілерге, әкімдіктерге мүлде мән бермейтінін тәжірибе көрсетіп отыр. Қалалық әкімдік бұл жұмысты бақылаған жоқ. Сондықтан, құқыққорғау органдарының іске араласуын сұраймын. Заң аясында бизнес тарапының өтемақы ретінде ағаш отырғызып, барлық айыппұлды өтеуін қадағалауды тапсырамын»,  - деді Қасымбек.