Мәжіліс депутаты Ғани Тәшқараевтың Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы жұмыс істейтін жастарға пәтерді жалға беру тәртібін жеңілдетуді ұсынды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Депутат «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру» бағдарламасы туралы мәселе көтерді. Жалпы республиканың үш ірі мегаполисінде (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) жыл сайын 1000 пәтер жастарға арналып тапсырылады.
«Ережеге сәйкес, өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама көрсетуді талап етеді. Егер бағдарламаның басында бұл сомма 101 000 тенгені құраса, 2021 жылдан бастап бұл 116 600 тенгені құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша республикада 20-29 жастағы азаматтарымыздың саны 2 537 252 жетті. Қалада тұратын жастардың үлесі 1 510 892 құрайды. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді», - дейді депутат.
Оның айтуынша, осы бағдарлама іске асып жатқан қалалар бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстарын бағалау бойынша салыстырғанда 2021 жылдың 1 тоқсанына Шымкент қаласында 76 982 теңге, Алматы қаласында 166 554 теңге, Нур-Султан қаласында 179 722 теңгені құрап отыр.
«Өңірлерге жұмыс сапары барысында жастармен кездесуде жастар тарапынан бірқатар мәселе көтеріліп, ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, жалдамалы пәтерлерді алу конкурсына қатысу үшін тұрғын үйге мұқтаж жас мамандар үшін жалақы мөлшері тым жоғары екендігі айтылды. Жалға берілетін тұрғын үйді конкурс бойынша алу қиын. Жұмысшы жастардың айтуынша, пәтер алу үшін айлық көрсеткішті (40 - тан 25 АЕК-ке дейін ) төмендету – бұл біздің мегаполистердегі еңбегі өте қажет жас отбасылар мен жас мамандарға үлкен көмек. Жоғарыда айтылғандардың негізінде жастарды қолдау мақсатында жалға берілетін тұрғын үйге арналған конкурстарға қатысушыларға қойылатын талаптарды өзгерту мүмкіндігін қарауды сұраймын», - дейді Ғани Тәшқараев.
Осыған байланысты депутат жас мамандардың табыстарына қойылатын талаптардың жоғарылығы түріндегі тосқауылдарды белгілеу орынсыз деп санайтынын, жастарды жалға берілетін тұрғын үй конкурсына қатысуға жол беретін сомалардың, табыстардың еселігін азайтуды ұсынды.