×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

Павлодар облысының емханаларында ескірген, көрсеткіштерді дәл көрсетпейтін құралдар қолданылған

23.11.2022, 08:29
фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы емдеу мекемелерінде ескірген және медициналық көрсеткіштерді дәл көрсетпейтін жабдықтар пайдаланылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Pavlodarnews сайтының мәліметінше, бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Әлібаев айтқан.

«Департамент 2022 жылдың мамыр - маусым айларында өлшеу құралдарын, эталондарды қолдану бөлігі бойынша облыстың 14 медициналық мекемесінің қызметіне тексеру жүргізді, - деді ол.

Мамандар әртүрлі өлшеу аспаптарының 1 195 құралын тексеріпті. Тексеру нәтижесінде мерзімі өткен, көрсеткіштерді анық көрсетпейтін 615 бірлік құрал анықталды. Олар - термометрлер, импульстік оксиметрлер, электрокардиографтар мен ультрадыбыстық аппаратура.

Айбек Әлібаев тексеруден өтпеген, сондай-ақ мемлекеттік жүйенің тізіліміне енгізілмеген өлшем құралдарын қолдану түріндегі бұзушылықтар да анықталғанын айтты. 

Бірлескен тексеру нәтижелері бойынша облыстың қалалары мен аудандарының прокуратурасы медициналық мекемелерге қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы 13 хаттама толтырды.

«Департамент басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер жүргізеді, - деп қосты Айбек Әлібаев. - Есепті кезеңде 61 субъект тексерістен өтті. 32 жағдайда бұзушылықтар анықталды».

Техникалық реттеу және метрология комитетінің тапсырмалары негізінде есепті кезеңде үш субъектіге профилактикалық бақылау жүргізілді. 

Жүргізілген профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша «Компания Нефтехим LTD» ЖШС-да декларациялауды тіркеу ережесінде бұзушылықтар анықталды. Бұзушылық бірден жойылды. 

Бұзушылықтар анықталған 32 субъект 17 903 235 теңге әкімшілік айыппұл төледі.