×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

NASA грантының иегері Қазақстанды АҚШ-қа Абай әнімен таныстырмақ

08.05.2022, 11:47
Ulysmedia.kz

Сіз бен біздің ХХІ ғасырда өмір сүруіміздің ең үлкен артықшылығы неде деп ойлайсыз? Әркім әртүрлі жауап беретін шығар. Біздіңше, заманның озық технологияларын қолдана білу, әлемнің бір елінде отырып, алыс құрлықтағы екінші елінің мүмкіндіктерін пайдалану, міне жаңа ғасыр сыйлаған тартудың бірі осы секілді. Бұлай дейтініміз, жұлдыздарға қол созған Ярослава Кравчук есімді павлодарлық оқушының таяуда NASA білім грантын жеңіп алғанын естіп тамсандық. «Интерстеллар» фильмімен жігерленіп, білімімен өз шыңына жол тартқан оқушы жазда Павлодардан Хьюстонға ұшқалы отыр. Айқын мақсатпен! Үлкен арманмен!

Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінде оқитын жас өнерпаз кометалар мен астероидтар топырағынан сутегі отынын алатын «Kanysh» шағын ғарыш кемесінің үлгісін жасап шығарған. Аппаратты академия Қаныш Сәтпаевтың атымен атаған оқушы жазда Қазақстанның атынан FISE ғарыштық білім беру халықаралық қоры ұйымдастыратын NASA United Space мектебіне барады. Біз хабарласқан кезде Ярослава Алматыда олимпидада жүр екен. Уақыт тауып, сұхбат берді.

– Ярослава, ғарышқа қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Сіздің буын «The Avengers» фильмімен қатар өскен ұрпақ қой. Бәлкім, ғарыш пен галактикадағы жұмбаққа толы фильмдер сізді жігерлендірген болар?

– Кішкентай кезімнен ғарышқа әуестеніп, 4-ші сыныптан бастап түрлі ғарыш аппараттарын құрастыра бастадым. Ұшақ жасау идеясы оқу жылының басында пайда болды. Жобаны жүзеге асыруға зымыран ғылымы бойынша жаттықтырушы Евгений Бовсуновский, информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Руслан Смайылов және «Астроклуб» жетекшісі Гүлнар Баубекова көмектесті. Жобаны әзірлеуге көмектескен педагогтеріме ризашылығымды айтамын.

Менің ғарышқа деген қызығушылығым бала кезімнен бар. Алты жасымда анам мені Алып Мәскеу планетарийіне экскурияға апарған. Ерекше тамсанғаным есімде. Мені шоқжұлдыздар жайлы лекция, содан кейін күн жүйесіндегі планеталар туралы фильм қатты тамсандырды. Содан бері мен әр қалаға барған сайын планетарийлер мен обсерваторияларына кірмей шықпаймын. Алматы, Павлодар, Мәскеу, Новосібір, Гринвич, Қазан бәрінде болдым. Жазда бұл тізімге Хьюстон қосылғалы тұр.

Әлбетте, фильмдерді жақсы көремін. Ең көп ұнататын фильмдерім – Интерстеллар мен Салют 7. Одан бөлек Дискаверидің «Морган Фрименмен көртышқан інінің ішінен» атты бағдарламасы да қатты ұнайды.

– Кумиріңіз кім?

– Кумирім жоқ десе де болады. Алайда мені теннисші Даниил Медведевтің еңбегі қанаттандырады. Ол мен үшін табандылықтың, өз-өзіне деген сенімділіктің үлгісі іспеттес. Биыл Австралияда өткен чеомпионатта ол Рафаель Надальға қарсы ойынында өз өміріндегі ең үздік өнерді көрсетті деген ойдамын. Бүкіл стадион оған қарсы болса да Даниил сынып кетпеді. Даниил де мен секілді кезінде физматта оқыған.

Жалпы мені теннис едәуір ынталандырады. Себебі өзім де белгілі бір уақытқа дейін теннис ойнап, облыс құрамасының атынан өнер көрсеткенмін. Матч кезінде жағдай кез келген секундта өзгеруі мүмкін. Қандай жағдай болмасын кез келген сәтте ұтылуың немесе ұтуың мүмкін. Ең бастысы, іштей дайын болып, бәрі саған ғана байланысты емес екенін түсіну керек. Ал егер матчты жеңіліспен аяқтасаң, күні ертең жаңа турнирде бәрін қайта бастауға болады. Дәл қазір теннис толқуымды басып, тынышталуыма көмектеседі.

– Ғарыш саласында келешекте өзіңізді қалай елестетесіз?

– Мен қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінде физика және математика сыныбында оқимын. 4 сыныптан бастап физиканы оқи бастадық. Одан бөлек Павлодардың Оқушылар сарайындағы «Антарес» астроклубына барам. Астроклубтағы өзім құралпы жастармен бірге «Бөбек» ғылыми-пратикалық және сауықтыру орталығына да барып тұрамыз. Ол жерде сайыс барысында оқыту лекциялары өтеді. Осы жұмыстың бәрі де менің ғарыш саласындағы білімімді шыңдап жатыр.

Қазір мен тек 8 сынып оқушысымын. Алайда нақты арманым мынадай деп айта алмаймын. Алайда ғарыш саласын зерттеуге барымды салсам деймін. Менің еңбегім бүкіл адамзаттың игілігіне жараса деген арманым бар.

– Сіздің «Kanysh» атты шағын ғарыш аппаратының макетін жасағаныңызды естідік. Жоба туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?

– Лицейде олимпиадалық химияны меңгереміз. Ал химия мен физика өзара байланысты ғылым. Бірде үй жұмысын атқарып отырып, кенет ойыма су секілді таусылатын ресурстарды пайдаланбай-ақ экологиялық тұрғыда таза отын өндіруге қалай көмектесуге болады деген ой келді. Өйткені менің ойлап тапқан аппарат жерден тыс аумақтан су алуды көздейді.

Аппаратты жасап шығаруға жарты жылдай уақыт кетті. Есепті дәлдеу керек болды. Кейде «тар» жермен бетпе-бет келіп, оны айналып өту үшін 3d модель ойлап таптық. Макетке арналған қосалқы дүниелерді жасап шығаруға да біршама уақыт жұмсалды. Бұл ретте мен астрономиядан сабақ беретін ұстазым Баубекова Гүлнар Қайырболатқызы мен зымыран құрастыруды үйреткен, Алматыдағы  «Spacecraft» техникалық мектебіндегі Евгений Бовсуновскийге алғысымды айтқым келеді. Олар мені әрдайым жігерлендіре білді. Менің идеяма сенім білдіріп, менімен онлайн режимде жұмыс істеді, барлық жағынан көмектесті. Осыдан кейін менің лицейімде 3d принтер арқылы қосалқы бөлшектерді шығара бастадық. Маған информатика мұғалімі Руслан Алтайұлы Смайылов көмектесті.

Аппаратқа өзіміздің әйгілі жерлесіміз – Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың есімін беруді жөн деп шештім. Ол кезінде химик әрі геолог болған адам. Ал менің аппаратым топырақ пен химиялық үрдісті пайдаланады – мұның өзіндік символикалық мәні бар. Күндердің күнінде менің «Kanysh» аппаратым академиктің өзіндей адамзаттың зор игілігіне жарар деген сенімім бар.

– Сіздің Халықаралық ғарыш мектебіндегі оқуыңыз қашан басталады? Ол жақта баспана мәселесі қалай шешілгелі тұр? Грант мөлшері де жүріп-тұруыңызға жеткілікті ме?

– United Space мектебіне өтінім беру – менің арманым болатын. Қазақстанның оқушылары ол жерге барып, тағылымдамадан өткенін білетінмін. Өзімнің де кезегімді күтіп жүрдім. Мектепке тек 15-18 жас аралығындағы оқушылар түсе алады. Ал мен наурыз айында ғана 15-ке толдым. Яғни өтінім әрі сұхбат берген кезімде жасым 14-те еді. Алаңдадым, өйткені менен үлкен балалардың білімі де көбірек болды. Арманыма сендім бірақ. Осылайша, діттеген мақсатыма жеттім.

Менің тағылымдамам шілде айының соңында басталады. Қазір маған берілген тапсырманы орындап жатырмын. Бәріне үлгерсем деймін. Мектептегі оқуыммен қатар, мамырда өтетін жастардың олимпиадасына қатысып, USS тапсырмаларын орындауым керек.

Оқу барысында біз аэроғарыш саласымен байланысты әрі бізді қабылдайтын отбасылардың үйінде тұрамыз. Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – мәдени алмасу. Біз ұлттық жәрмеңкеден өтеміз, ол жерде біз өз елімізді таныстырып, ұлттық тағамымыздан дәм таттырып, ән салып, би билеп, ұлттық костюмның элементтерін көрсетуіміз керек. Мен Абайдың «Көзімнің қарасын» салғым келеді. Анам қатты жақсы көреді осы әнді.

Құрбы-құрдастарыңыз да Халықаралық ғарыш мектебіне түсуді армандайтын болар. Оларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз.

– Қандай да бір тағылымдамадан өткісі келетін құрдастарыма тек бір ғана кеңес айтқым келеді – өз-өзіңізге, өз арманыңызға сеніңіз. Көбірек еңбектеніңіз. Оның бәрі түптің-түбінде нәтиже әкелері даусыз! Мен теннисте матчқа шыққан сайын әкем менің есіме Черчильдің мына сөзін есіме салады: «Табыс – энтузиазмді жоғалтпай, сәтсіздіктен сәтсіздікке дейін басып өтетін жол».