×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Балалар күні: Бала құқығын қорғау бір бөлек – қажеттілігін қанағаттандыру қиындап барады

01.06.2022, 09:08
Коллаж: ulysmedia.kz.

Елдің жалпы экономикасы әлеуметтік өмірге ықпал етеді, ал әлеуметтік жағдай айналып келгенде – әр отбасының қамы. Осы бір қарапайым қағидатты ескерсек, баланың қажеттілігін қамту мәселесі біздің елде қымбатшылықпен біте қайнаса күрделеніп бара жатқанын мойындау керек. Қымбатшылық қысқан заманда дүкенге барған кез келген отбасы ең қажетті азығын алады. Ал баласының денсаулығына пайдалы тамағы мен дәруменін алуға оның ақшасы жете ме? Баланың қамы, қажеттілігі һәм құқығы осы жерден бастап шектелетін секілді. Бұл мақала авторының субъективті пікірі, әрине. Келіспеуіңіз мүмкін. Басқасын қайдам, балалар күні жайлы мақала жазғанда ойға ең бірінші осындай пайым келді.

Тегін тамаққа көп ақша керек

Әлқисса, бүгін 1 маусым – балалар күні. Шамасы жеткені баласын қыдыртып, қуантып, тәтті-дәмдісін алып беріп жатқан болар. Жетпегені жеткеніне қызыға қарауы мүмкін. Пандемия, Қаңтар оқиғасы, әлемдегі соғыс – «не үшін азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады?» деген сұрақтың бәріне үкімет мүшелері осы үш себепті айтып құтыла беретін болған. «Сыртқы фактор, қайтеміз» дейді олар. Қай жақтан қандай фактор ықпал етіп жатса да, үйдегі баласының аузына ас әкелу үшін әкелер мен шешелер тоқтамай жүгіріп жүр, жүгіріп жүр. Тірліктің қамымен тәрбиеге қаншалықты маңыз беріп жатқанын кім білсін? Смартфон ұстап, бүріскен күйі бір-бір бұрышта жата беретін ұрпақ өсіп келе жатыр.

Денсаулыққа пайдалы ас демекші осы жылдың басында Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларды тамақтандыру мәселесін көтерген. Оның айтуынша, рационалды түрде тамақтандыру кез келген баланың сау өсіп, аман жетілуінің бірден-бір кепілі.

«Қазір елдегі отбасылардың көбінің табысы төмен. Осының салдарынан олар азық-түлікті жеткілікті деңгейде ала алмайды. Тамақтың жақсысын алып, әр түрін баласының аузына салуға шамасы жоқ. Өкінішке қарай, бізде дұрыс тамақтандыру жүйесі іске қосылмаған. Әлемде бұл мәселе мектепте тамақтандыру жүйесімен шешіледі. Балалардың тиімді тамақтануын қамтамасыз ету, дұрыс, сау дамуының бастапқы шарттарының бірі. Осы тақырып бойынша мен ұсынған реформалардың бірі – мектеп оқушыларының бәрін тегін тамақпен қамту. Оны жүзеге асыру үшін көп ақша керек. Біз ең тиімді жүйелі шешім тауып, айқын, нақты әрі қарапайым механизм ұсынуымыз керек», - деген еді Аружан Саин.

Уәкілдің бұл ұсынысын орындауға уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігінің ғана құзыры жетпейтіні анық. Елдегі барлық оқушыға бір уақыт тегін тамақ берудің өзі біраз шығын. Әкімдіктермен келісіп, үкіметті көндіру керек. Білім және ғылым министрлігіне хабарласқанымызда «балалар жылында тегін ыстық тамақпен қамтылған бастауыш сынып оқушыларының саны 10%-ға өсті (41%-ға немесе 607 318 бала)» деген жауап келді. Тегін тамақты 600 мың баланың аузына енді жеткізіп отырғанда, қалған 2,7 млн оқушы тегін тамақпен қамтудың ауылы алыс секілді.

Айта берсең ұсыныс көп

Жалпы Аружан Саинның айтуына қарағанда, Қазақстанда бала құқығы бағытында проблема шаш етектен. Денсаулық сақтау саласында бала құқығының қорғалмай жатқаны, әлеуметтік және білім беру бағытында олардың тиісті көмек-қолдауды ала алмайтыны, балалар мүгедектігі мәселесі әлі де өзекті. Өңір әкімдіктері әлі күнге дейін балаларға тегін скрининг жасауға болатын аппараттарды сатып ала алмай отыр. Одан бөлек, ЮНИСЕФ енгізген, дәрігерлердің балаларды үйінде қарауына бағытталған бірыңғай тәртібі де іске қосылмаған. Бұл жүйе іске асқан жағдайда мүгедек боп қалу қаупі бар балаларды уақытында анықтап, көмек көрсетілер еді.

«Осынау бейқамдық, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы балалардың мүгедек болып қалуына апарып соғып жатыр. Ақыры балалар толыққанды өмір сүру құқығынан айырылады», - деген еді Аружан Саин таяуда өткен жиындардың бірінде.

Өкінішке қарай көзі дұрыс көрмейтін және дұрыс естімейтін, сал балаларға арналған мамандандырылған оқыту мекемелерінің де жұмысын өзгерту бағытында жетістік көп емес. Бұл жұмыстың бәрі де жергілікті атқарушы органдар деңгейінде жүргізілуі тиіс. Себебі өңірлердегі осындай мекемелер оқулықтамен де, арнайы жабдықтармен де қамтылмаған. Осындай мекемелерден пайда болмағаннан кейін ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларын жалпы білім беретін мектептерге апаруға мәжбүр болады. Бірақ мұндайда балалар өзіне лайық жасалған жағдайда білім алу мүмкіндігінен айырылады.

«Біз биыл ата-ананың қарауынсыз қалатын балалардың құқығын қорғау бағытында жұмысты алға жылжытуымыз керек. Алдағы уақытта кәсіби отбасылар институты құрылар деген сенімдеміз. Осылайша, Қазақстанда күндердің күнінде бірде-бір балалар үйі болмайтын күнге жетеміз деген үміттеміз. 2,5 жылдың ішінде бала құқығын қорғаушы уәкіл ретінде маған 900-ге тарта өтінім түсті. Проблема баршылық. Мәдениет және спорт министрлігімен бірге іске қосылған балаларды жаппай спорт пен өнер үйірмелеріне тарту жүйесін жетілдіру керек. Басты мақсат – 4-18 жас аралығындағы балалардың бәрін қамту. Мұндай балалардың саны 4,5 миллионнан асады. Саботажға қарамастан біз осы мақсатқа жетеміз. Өңірлер өздерінің спорттық командаларына ақшаны миллиардтап бөледі. Әртүрлі пайдасыз шараларға да солай жұмсайды. Ал сол өңірдегі жүздеген мың балаға өте аз қаражат бөлінеді. Өңір әкімдіктері шетелдік экспаттар мен кәсіби командаларын қатты сыйлағанымен, балаларына ақшасын аяйды», - дейді Аружан Саин.

ЮНИСЕФ-тің ескертуі

Қазақ билігі мен қоғамы бала құқығын қорғауда тағы бір проблеманы еңсере алмай тұр. Бұл жайлы осыдан бір апта бұрын ғана БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен кеңінен сөз етті. Оның айтуынша, әлем елдері секілді, Қазақстандағы балалар да зорлық-зомбылықтың көп түріне ұшырап жатады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық физикалық, эмоционалды, жыныстық түрде болуы мүмкін.

ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, бүкіл әлемде әрбір бесінші қыз бала және әрбір 13 ұл бала 18 жасқа дейін жыныстық зорлық-зомбылыққа немесе қанауға ұшырайды екен. Ал Қазақстанда балаларға қарсы қылмыстардың 40%-дан астамы жыныстық зорлық-зомбылықтан тұрады. 2021 жылы балаларға қатысты барлығы 2088 қылмыс тіркелсе, оның ішінде сексуалдық қылмыстарға байланысты істер саны 913-ке жеткен:

  • 224 зорлау;
  • 201 жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет;
  • 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттердің 340 жағдайы;
  • жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттердің 8 жағдайы;
  • кәмелетке толмағандарға қатысты 140 жағдай.

Бұл тек сот төрелігіне хабарланған жағдайлар саны. Ал бұл қылмыстардың кейбірі зорлық-зомбылықтың жасырын сипатына байланысты белгісіз болып қалуы мүмкін. Ересектер, балаларды қорғау және әділет жүйесінің қызметкерлерінің үштен екі бөлігінен астамы (68%) балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықты елдегі «үлкен проблема» деп санайды.

«Қазақстанда балаларға қатысты физикалық немесе эмоционалды зорлық-зомбылық кең тараған құбылыс. Бұл ретте 15 жасқа дейінгі балалардың 52,7%-ы үйде зорлық-зомбылықпен тәрбиелеу тәртібіне ұшырайды. Балалардың 66,2%-ы мектептерде зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке ұшыраған. Интернаттағы балалар да зорлық-зомбылық пен қорлаудың жоғары қаупінің астында қалып жатады», - дейді Артур ван Дизен.

Жаһандық зерттеулердің нәтижесі бойынша, зорлық-зомбылық балалардың физикалық және психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар балаларға өмір бойы зардабын тигізеді. Мамандардың зерттеуінше, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың мектепке жақсы оқу мүмкіндігі азаяды екен. Бұл айналып келгенде олардың өмірлік мүмкіндіктерін шектейді. Ұзақ мерзімді келешекте балаларға ересек шақтарында басқа адамдармен қарым-қатынаста болу қиынға соғуы мүмкін. Зорлық-зомбылық ұрпақтан-ұрпаққа және циклдік түрде беріледі.

«Қазақстанда салалық министрліктер, ұлттық құқық қорғау мекемелері мен азаматтық қоғам ұйымдары балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды жақсартуға бел буып отыр. Бірақ, салынған күш-жігер мен қол жеткізілген прогреске қарамастан, зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен балалардың тиісті қызметтер мен ден қою шараларына қол жеткізуін қамтамасыз ету проблемалары әлі күнге дейін сақталып отыр», - деп баға береді Артур ван Дизен.

Министрлік не істеп жатыр?

Балалар жылы Білім және ғылым министрлігі нақты қандай шараларды қолға алып жатқанын білгіміз келген. Ұзыннан ұзақ тізім келді. Негізгілеріне тоқталайық:

  • - елде алғаш рет Балалардың әл-ауқаты индексі әзірленді. Ол әртүрлі салалардағы балаларға жағдай жасауға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділігін өлшеуге арналған. Қазір оны енгізу процесі жүріп жатыр;
  • - тегін ыстық тамақпен қамтылған бастауыш сынып оқушыларының саны 10% өсті (жоғарыда айттық 41% немесе 607 318 бала);
  • - үйірмелер мен секциялармен 300 мың бала қосымша қамтылады. Қамту көрсеткіші 5%, яғни 70,5%-дан 75,5% өсті және ол 2 732 681 бала болды;
  • - халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100 жеңімпазы мен жүлдегері алғаш рет «конкурстан тыс» отандық ЖОО гранттарын алады;
  • - алғаш рет халықаралық беделді зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталады (І орын – 4,5 млн теңге, ІІ орын – 3 млн теңге, ІІІ орын – 1,5 млн теңге). Сондай-ақ олардың мұғалімдеріне ақшалай сыйлық беріледі;
  • - алғаш рет «Цифрлы мұғалім» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол нашар оқитын және әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен 500 мың оқушыны қолдауға бағытталған;
  • - мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының форматы өзгертілді: ата-аналар жиналыстарының орнына мұғалім мен ата-ананың кеңесі өткізіледі;
  • - республиканың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғайтылды. Бұл белгілі бір санаттағы балалардың көпшілігін тегін техникалық және кәсіптік оқытумен қамтуды арттырады;
  • - ЖОО гранттарының саны (16 500 мыңға көп) 88 214-ке дейін көбейтілді;
  • - Колледжге алғаш рет түсетіндер үшін белгілі бір жағдайлар жасалды: қабылдау емтихандары алынып тасталды, талапкер 4 колледж және 4 мамандықты өзі таңдайды, қабылдау квоталары тізімі 9 санатқа дейін кеңейтілді және т.с.с;

Министрлік шұғыл әрекет ету үшін республикалық және облыстық деңгейде балалардың құқығын қорғау бойынша мониторингтік топтар жұмыс істейтінін хабарлайды. Сондай-ақ ашықтық, толеранттылық және құпиялылық шарттарында тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсету мақсатында «BALA QORGAU» Telegram чат-ботының қызметі, balaqorgau.kz сайты, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны – 8 (7172) ) 74-25-28 жұмыс істейтінін айтады.