Бюджетті қампайтса да, трансфертті аз алатын мұнайлы өңірлердің уәжіне Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров не деп жауап береді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты министрдің өзіне қойып көрді.
Еске сала кетейік, жалпы мұнай-газ өндірілетін облыстардың республикалық бюджетке көп қаражат құйып, трансфертті аз алатыны – көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе. Мәселен, бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысы республикалық бюджет пен Ұлттық қорға 1 триллион 758 миллиард 500 миллион теңге сомасына барлық салықтар мен алымдар бергенін, алайда қайтарым трансферт бұл облысқа 207,8 миллиард теңге ғана болғанын мәлімдеген.
– Республикалық бюджет қаражатын мұндай бөлу президент Тоқаевтың бюджет қаражатын әділ бөлу туралы өкіміне қайшы келеді, – деген еді депутат Абзал Құспан.
Ulysmedia.kz тілшісі мұнайлы өңірлердің осы уәжі жөнінде министрге сұрақ қойған.
– Қай өңірлерден осындай ұсыныстар келеді. Негізі мұнайлы өңірлер. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан. Олар “компаниялар неліктен біздің елде мұнайды өндіреді, бірақ олар басқа өңірлерде тіркеледі?” дейді. Сол себепті компаниялар қай жерге тіркелсе – сол жерге салық төлейді, – деді Әлібек Қуантыров Сенат кулуарында.
Министрдің сөзінше, расында да трансферттерді бөлу мәселесі өзекті. Мәселен, Атырау облысы негізгі өңір донор саналады. Ол тиісті қаражатты республикалық бюджетке беріп отыр.
– Бізде Конституция бойынша біздің ел – унитарлық мемлекет. Сол себепті бізде орталық республикалық бюджет бар. Ол барлық салалардан, барлық өңірлерден республикалық бюджеттің шотына бүкіл қаражатты жинап, содан кейін трансферт ретінде үлестіреді. Біздің жалпы сипаттағы трансферттер үш жылға бекітіледі. Қазір 2023-2025 жылдарға бекітіп кетті. Келесі цикл – 2026-2028 жылдарда болады. Біз оған дейін жаңа тәсілдерді енгіземіз. Қосымша тапсырмамыз бар: ол бойынша бюджетті орталықсыздандыру арқылы қосымша өкілеттіктермен өңірлерге бюджеттен қаражат бөлінеді, – деді министр.
Әлібек Қуантыров бәлкім көтерілген осы мәселе жаңа салық кодексінде көрсетілуі мүмкін екенін атап өтті. Ал трансферттерді табысына сай бөлу мәселесі неліктен 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте ескерілмгененін ол былай түсіндіреді.
– Жаңа тәсілдер 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте қарастырылған. Барлық шаруа кезең-кезеңімен жүзеге асырылады ғой. Бәрі бір дегенде шешілмейді. Жаңа салық кодексінде бұл мәселе қаралады, – дейді Әлібек Қуантыров.