×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Айлық, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер бүгіннен бастап қалай өзгереді

01.01.2024, 09:16
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы, зейнетақы, түрлі әлеуметтік төлемдер қанша сомаға өседі? Ulysmedia.kz тілшісі осы бағыттағы өзгерістерге шолу жасады.

Бүгіннен бастап елде ең төмен жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылады. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өседі.

Бірінші кезекте ЕТЖ арттыру «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Ал базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43 407 теңге деңгейінде болады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап:

  • зейнетақының ең төмен мөлшерi – 57 853 теңге;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңге;
  • жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;
  • базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін күнкөріс минимумының (КМ) шамасы – 43 407 теңге болады.

2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9% артады. Жаңадан тағайындалған зейнетақылардың мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-тен аспауға тиіс (203 060 теңге).

Мүгедектік бойынша зейнетақы I топ үшін 95 496 теңге, II топ үшін 76 397 теңге, III топқа 52 089 теңге болады.

2024 жылдың 1 қаңтарына бастап 1, 2, 3 бала туған аналарға берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін ұлғаяды. Ал 4 және одан көп бала туған жағдайда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін көтеріледі. Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі.

Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ке ұлғайтылады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылы 1 қаңтардан бастап МӘМС-ке аударылатын ең жоғары сома өсті. Оның деңгейі - 850 мың теңге. Жаңа тәсілмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да ақы төлеуге тура келеді. 2024 жылдан бастап олар мәселені тек бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу арқылы шеше алмайды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар басқа нұсқаларды таңдауға мәжбүр.

  • Жұмыс берушілер жалақы мөлшерінің 3% төлейді, бірақ ол сома 25 500 теңгеден аспауы керек.
  • Қызметкерлер/фрилансерлер өз табысының 2% қосады, бірақ ол сома 17 мың теңгеден аспайды.
  • Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар — ЕТЖ мөлшерінің 1,4 еселенген мөлшерінің 5% немесе 5950 теңге төлейді.
  • Дербес төлеушілер - ЕТЖ - дан 5% немесе 4250 теңгесін аударады.
  • Мемлекет жеңілдікке ие азаматтардың 15 санаты үшін төлеуді жалғастырады. Осы тізімдегі бір азамат үшін 5 852,63 теңге төленеді.

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін қазақстандықтардың әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер әзірленіп, мақұлданған. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай жұмыскерлер 55 жасқа толған және олар үшін кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған кезде 4 қаржы көзінен жүзеге асырылатын төлемді ала алады. Жұмыскерлер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады, басты шарт – еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспауы керек.

Серіктес жаңалықтары