×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстан бюджеті. Біз ақшаны қайдан аламыз?

05.02.2024, 09:44
Қазақстан бюджеті. Біз ақшаны қайдан аламыз?
ulysmedia

Көпшілік оқырман түсіне бермейтін тақырыптардың бірі қаржы, экономка саласы. Ақшаны жақсы көрмейтін адам жоқ, сірә. Қалтамызға түсетін қаржының  қайдан құралатынын, бюджеттің неден түзілетінін білген артық болмайды. Өйткені, қаржылық сауаты бар қоғам өз қалтасынын төленген әр тиынның (салықтың) есебін сұрай алады. Осы мақсатта ulysmedia.kz қаржы-экономика тақырыбында мақалалар сериясын ұсынады.Оны жазу үшін белгілі сарапшы Айбар Олжайды тартқан едік.

Әр адам секілді, біздің мемлекетіміздің де ортақ әмияны бар. Ол - мемлекеттік бюджет деп аталады. Мемлекеттік бюджет Республикалық және Жергілікті деп екіге бөлінеді. Жыл бойы барлық тапқанымыз осы екі қазанға түседі. Осы қазандардан барлық шығындарға ақша бөліп отырамыз. Яғни бюджет қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығын төлейміз, зейнетақы, шәкіртақы, әлеуметтік көмек береміз, жол жасаймыз, мектеп пен үй саламыз. Егер тапқанымыздан құртатын ақшамыз көбейіп кетсе, онда жетпей жатқан бөлігі дефицит деп аталады. Ол дефициттті жабу үшін біз Ұлттық Қорға қол жүгіртеміз. Тағы жетпей жатса, қарыз аламыз. Осының барлығы бюджеттік байланыстар мен жоспарлау деп аталады.

Ал біз ақшаны қайдан аламыз?

Өте қарапайым түрде айтсақ біздің мемлекет былай істейді. Ол осы жерде (Қазақстан аумағында) адамдардың өмір сүруіне, тірлік/жұмыс істеуіне мүмкіндік береді де, солардың тапқан табысынан салық алып отырады. Салық – біздің бюджеттің негізгі табыс көзі.

Оқи отырыңыз: Теңге бағамы. Оны кімдер және қалай анықтайды?

Енді оны нақты жіктеп көрейік. 2023 жылы Республикалық бюджеттің кірісі 19,06 триллион теңге болды. Соның ішінен 14,3 триллион теңге салықтан келді. 4,4 триллион теңге Ұлттық Қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттер түрінде алынды. 1,2 триллион теңге мемлекеттік меншікті, яғни нысандар, компаниядағы мемлекеттік үлесті сатудан түсті. 0,3 триллион теңгесі түрлі арендадан (Байқоңыр, полигондар), басқа да түсімдерден келді.

Республикалық бюджетке 14,3 триллион теңге салықтан түскен екен. Оның қайсысын халық, қайсысын заңды тұлғалар, яғни фирмалар мен компаниялар төлеген?

Салықтың тең жартысы – шамамен 7 триллион теңге қосымша құн салығынан (НДС) келген. 5 триллион теңге корпоративті табыс салығынан түскен. 1,1 триллион теңге жер қойнауын пайдалануға салынатын салықтан, ал 2 триллион теңгедей кеден баж салықтарынан келді. Мұның барлығын дерлік заңды тұлғалар төледі. Ал мұның ішінде халық төлейтін салық қайда деген сұрақ туындауы мүмкін.

Жоғарыда жазғанымдай, бізде Республикалық бюджет пен Жергілікті бюджет болып өзара бөлінеді. Республикалық бюджетті Парламент, ал жергілікті бюджеттерді әр өңірдің Мәслихаттары бекітеді. Сонда, халық төлейтін жеке табыс салығы жергілікті бюджеттерге барады. Одан бөлек шағын бизнестің (жеке кәсіпкерлер, тб) салықтары да, орта бизнестің кейбір салаларындағы табыстар да осы жергілікті бюджеттерге келіп түседі. Жалпы алғанда, 2023 жылы жергілікті бюджеттің ортақ кірісі 11 триллион теңгеден асты. Осы ақшаның жартысын халық өзінің айлығынан төледі деп есептейік. Сонда Республикалық және Жергілікті бюджеттерге келген 28,3 триллион теңге салықтың 5 триллион теңгесін халық, яғни жеке тұлғалар береді. Ал қалғаны -  бизнестің төлегені.

Жақсы, республикалық бюджет кірісі 19,06 триллион теңге болды дейік. Ал шығыны қанша?

Шығыны бюджеттік кредитті есепке алғанда 22 триллион теңгедей. Сол себепті, Қазақстан өз тапқанынан көп шығындалатын, яғни бюджеті дефицитті елдер қатарына жатады. Ал 3,2 триллион теңгеге жеткен бюджет дефицитін біз Ұлттық Қор трансферттері мен қарыз алу есебінен жабатынымызды жоғарыда айтып кеттім.

Қарыз және Ұлттық Қор трансферттері бөлек әңгіме. Ол туралы келесі мақаламда жазатын боламын.

Авторы Айбар Олжай