Оның объективті себептері бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Үкіметтің бүгінгі отырысында құрылыс материалдарының қымбаттауына қатысты осылай деді, деп хабарлайды ulysmedia тілшісі.
«Жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25% құрады. Бұл ретте, құрылыс материалдары бағаларының өсу қарқыны сәуір 10,9 %, мамырда 3,4%, маусымда 4,2 %, шілдеде 1,7 % дейін өзгеру үрдісі байқалды. Құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтардағы (алюминий, мыс, болат прокаты, кен, сынық, ағаш және т.б.) баға жағдайымен негізделген. Бұл өзгерістер арматура (өсім 45%), кабель (20%), профлист (70%), шыны (35%) және тағы басқа матераилдардың құнына әсер етті», - деді Серік Жұманғарин Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, бағаның өсуінің негізінде электр энергиясына тарифтердің орташа 12%, жанар-жағармайдың 15%, энергетикалық көмірдің 10%, теміржол тасымалдарының 18% өсуі сияқты объективті факторлар бар. Олар отандық өндірістің құрылыс материалдары бағасының өсуіне тікелей әсер еткен. Құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15-тен 30% дейін құрайды. Құрылыс материалдары шығындарының құрылымында шаршы метрдің құнына әсер ететін негізгі материалдардан кірпіш 18%, темірбетон бұйымдары 17%, металлургиялық конструкциялар мен бұйымдар 10%, құрғақ қоспалар 6%, бетон 3% қымбаттаған. Бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түріне, нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр..
«Заңбұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда 42 компания хабарламаны орындады. Біршама компанияға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Монополияға қарсы бақылау шараларының нәтижесінде республика бойынша баға өсуінің ай сайынғы тренді маусым айындағы 4,2% шілде айында 1,7% дейін төмендетілді. Цемент, кірпіш, қиыршық тас, бетон және темір бетон бұйымдарын өндірушілермен және жеткізушілермен 10 монополияға қарсы комплаенс жасалды», - дейді Серік Жұманғарин.