Өнеркәсіп мәселесі талқыланып жатқан мәжілістегі үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі төмен екенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат не дейді
Министрліктің деректеріне сәйкес елімізде 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 587 млрд теңге сомасына 163 жаңа жоба іске асырылған. Депуатттың айтуынша, олардың әлі толық шамада жұмыс істемеген.
– Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті өнеркәсіп саласындағы 7 Ұлттық даму институтына («Қазиндастри», Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстанның Даму Банкі, «Қазтрейд», «Қазақэкспорт», «Даму», «Қазақстан Инвестмент») жобалардың тиімділігі, саны және бөлінген қаражат ,бюджетке төленген салықтар, жобаларды іске асырудың шарттары мен мерзімдері, шығарылған өнімнің көлемі мен тауарлардың түрлері, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны туралы ақпарат беру туралы сауал жолдаған еді. Берілген жауаптар талдау мен тиімділіктің төмен екенін көрсетіп отыр, – дейді ол.
Нұртай Сабильянов жеке компанияларға тоқталып, мәселен «Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банкілерден алатын несиелері бағытында соңғы 3 жылда 1 трлн 461 млрд теңге, оның ішінде жеңілдетілген несиелеуге – 328,4 млрд, кепілдендіруге – 559,5 млрд, субсидиялауға – 573,6 млрд теңге аударғанын айтады. Ал «QazIndustry қаржыландырылған жобалардың тиімділігі бойынша ақпаратты бермеген.Тек 305 жобаны қаржыландыруға 1 трлн 713 млрд теңгені жұмсалғанын көрсеткен. Салықтар, жобаларды пайдалануға беру мерзімі, шығарылған өнім көлемі, құрылған жұмыс орындарының саны бойынша ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ,алынған деректерге сәйкес, 2021, 2022, 2023 жылдары 5 даму институты құны 7 трлн теңгені құрайтын (2021 ж. – 2,9 трлн, 2022 ж. – 1,4 трлн, 2023 ж. – 2,6 трлн), оның ішінде республикалық бюджеттен 1,5 трлн теңгеден асатын (2021 ж. – 520 млрд, 2022 ж. - 720 млрд, 2023 ж. – 506 млрд) 1573 жоба жүзеге асқанын көрсеткен.
Бір компания бірнеше институттан көмек алып жатыр
Депутат жасалған талдау бюджет қаражатының қомақты бөлігіне көбіне ірі компаниялар («Масло-Дел» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ, «KamaTyresKZ» ЖШС, «KamlitKZ» ЖШС, «HyundaiTrans Kazakhstan» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ, «Asia Trafo» ЖШС) ие болатын үрдісті айқын көрсеткенін айтады. Олар бұл миллиардтаған қаражатқа өз өндірістерін кеңейткен, орта есеппен санағанда 10-180 ғана жаңа жұмыс орындарын ашқан.
– Оған қоса, бұл компаниялардың басым бөлігі бірнеше жыл ішінде мемлекеттік қолдауды бірден бірнеше даму институттарынан алып жатыр. Мысалы, «KamLitKZ» ЖШС (Камлит - коммерциялық техникаға арналған автокомпоненттер өндірісі) соңғы үш жылда тек «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 141,5 млрд теңге алған. Алайда шығарған өнім көлемі туралы ақпарат жоқ, – дейді ол.
Мәжілісмен сол сияқты бұрыннан бері жасап келе жатқан «KamaTyresKZ» ЖШС (Кама Тайрс - шиналар шығару) «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 65,7 млрд алса да, шығарылған өнімнің нақты көлемі туралы ақпаратты бермеген.