Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов компанияға бүгін Мәжілісте айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚТЖ позициясы
– Ол кісінің (Әлихан Смайылов – ЖАП төрағасы) алдында былтыр, алдыңғы жылы осы мәселені көтергенбіз. Сонда ол кісі премьер-министр болып тұрғанда тарифтерді көтеру жөнінде бастамамызды қолдады. 3 жылдың ішінде 24 пайыз көтеруге тиістіміз деді. Екі рет көтердік тарифті. Тағы көтеру жөнінде қағаздарымызды бердік. Олар мұқият қарап жатыр. Көтеретін шығар. Тарифті көтермесек, біз…, – деп сәл күмілжіді Әлмағамбетов.
ҚТЖ өкілінен тек тарифті көтеру арқылы осы мәселе реттеле ме деп сұралған. Ол екінші жолы барын айтады.
– Былтыр 1,2 трлн рубль РЖД-ға (Ресей темір жолы) мемлекет “уставқа” берді. 1,2 трлн рубльді бізге көбейтіңдер – қанша? Соны берді, – деді ол.
Транзиттен сонда қаражат түспей жатыр ма?
– Осы транзитті дамыту үшін вагондар алдық, локомотивтерді алдық. Жолаушылар вагонын алдық. Жол салып жатырмыз. Ол да транзит. Осының бәрін алдық. Тариф көтерілмесе, біз үш түрлі 3-4 трлн теңгені біз таба алмаймыз, – дейді ол.
Смайылов не деді
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілісте көлік инфрақұрылымына жасалған аудит қорытындысын жариялаған еді. Оның сөзінше,
кейінгі төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шыққан. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.
– 2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактілері тіркелді. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен. Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген, – дейді ол.
Смайыловтың айтуынша, мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермей, ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр. Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.