Қазақстан бюджеті – ешкінің кепкен терісі сияқты дейді депутат Ермұрат Бапи. Былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді.
– Бюджеттегі тапшылық! Кепкен тулақ сияқты дүние ғой. Ешкінің кепкен терісі сияқты – былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді. Екі жаққа тартсаң жыртылып, айырылып кетуі мүмкін. Егер біз геосаяси тәуекелдерді есепке алсақ, осы тапшылықтың бәрі түкке тұрмай қалады. Сондықтан, мен Ұлттық экономика министрлігінен сұрайын дегенім – қорғаныс саласына бөлінген сома көрсетілді. Бірақ бұл сандар бізге ештеңе көрсетпейді. Украинадағы жағдаймен салыстырғанда… Жалпы ішкі өнімнің қанша бөлігін қорғаныс министрлігіне бөліп отырсыздар? – деп сұрады 2025-2027 жылдардаңы бюджет жайлы Ермұрат Бапи.
КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНА ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНЕДІ
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы оның алдында 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн. теңге көлемінде жоспарланып отырғанын айтқан еді.
Ресми есепке сүйенсек, Қорғаныс министрлігіне жалпы ішкі өнімнің 1,8 пайызы бөлінгелі отыр.
Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов 2025 жылы министрліктің бюджеті – ЖІӨ-нің 0,44 пайызын, ал мемлекеттік қорғаныс тапсырыс 0,24 пайызын құрайтынын айтады. Сонда – 0,68 пайыз.
БАПИДІҢ ҚАУПІ
Осы мәліметті естігенде Ермұрат Бапи ашуға басты.
– Биылғы жылы бюджетте 0,8, келесі 0,4 пайыз дейсіз. Бұл не қаржыландыру? Кім жауап береді? Қорғаныс министрлігі қазір біздің қауіп-қатер – мамандардың есебі бойынша 2030 жылы соғыс болады. Сондай тәуекел бар. Оны тіпті біздің қорғаныс ведомствосында сондай болжам бар. Әлемдік сарапшыларды есепке алмағанда! Осындай жағдайда біздің қорғаныс саласына 0,4 пайыз – бұл не? Не заговор бұл? Қайдан шыққан есеп бұл? Біз мұны әлі көтереміз! – дейді Ермұрат Бапи.
Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланып жатыр.