Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бюджеттен Қорғаныс министрлігі үшін бөлінген қаражат жеткілікті деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Вице-министрдің сөзі
– Қолданыстағы республикалық бюджет шеңберінде бюджеттің шамасына қарай Қорғаныс министрлігіне жеткізілген параметрлер жеткілікті, – деді вице-министр.
Не өзгереді
Омарбеков жақын арада әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру және жалақы бойынша шешімдер жарияланатынын мәлімдеді.
– Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша, менің ойымша, оң шешім бар және ол жақын арада қабылданады, – дейді шенеунік.
Бапи қаққан дабыл
Өткен аптада депутат Ермұрат Бапи елдің қорғанысына бөлінген қаражат тым аз екеніне назар аударған еді. Оның сөзінше, “сарапшылардың пікірі бойынша, 2030 жылы Қазақстанның төңірегінде соғыс болуы мүмкін".
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы оның алдында 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн. теңге көлемінде жоспарланып отырғанын айтқан еді.
Ресми есепке сүйенсек, Қорғаныс министрлігіне жалпы ішкі өнімнің 1,8 пайызы бөлінеді.