×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ресейде отырып, Қазақстаннан зейнетақы алғандар бюджетке 6,3 млрд теңге шығын келтірді

06.12.2021, 09:24
Ресейде отырып, Қазақстаннан зейнетақы алғандар бюджетке 6,3 млрд теңге шығын келтірді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ел билігі Қазақстан мен Ресейден қатар зейнетақы алып жүргендерге қатысты нақты шара қабылдамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Айта кетсек бұған дейін Ulysmedia порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі елден қатар зейнетақы алушылармен соттасып бітпей жатқанын жазған болатын. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заңға қарамастан кейбір адамдар басқа елдерде тұрып жатса да Қазақстан үкіметінен зейнетақы алады.

Жалпы Қазақстанда 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 2,2 млн адам зейнетақы алады екен. 2020 жылы елдегі құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан мен Ресейден қатар зейнетақы алып жүрген 1198 адамды анықтапты. Ал 2021 жылы жаңадан 107 мың адамға зейнетақы тағайындалса, соның 289-ы екі елден зейнетақы алушылар қатарын толықтырған.

«Аталған адамдардың Ресей Федерациясында қос азаматтығы және зейнетақы төлемін алу фактісінің болуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағында республикалық бюджеттен қайта алынған қаражат сомасы алдын ала есеп бойынша – 6,3 млрд теңгені құраған. Көрсетілген мәліметтер негізінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы төлемін алушылардың қос азаматтық фактісін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне және аталған адамдардың бюджет қаражатын өтеуде тиісті шаралар қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне хат жолдады. Тиісті жауаптар келгеннен кейін қос азаматтықты және қосарланған төлемдерді анықтау фактілері бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл тетігі пысықталады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанмен бірге Өзбекстан мен Қырғызстаннан зейнетақы алу фактілері бар-жоғын анықтап жатыр. Көші-қон саясаты тұжырымдамасын дайындау шеңберінде министрліктің жанынан көші-қон комитеті құрылып, осы мәселеге жіті назар аудармақ.