Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп бара жатқаны және еліміздің қаржы ресурсын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Депутат өзінің сауалында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғатын, кіріспен расталмаған мемлекеттік шығыстың ұлғаюы – мемлекеттік қаржының өзекті мәселесінің бірі екенін атап өтті. Мәкежановтың мәліметінше, соңғы бес жылда мемлекеттік жиынтық қарыз ЖІӨ өсу қарқынына жақындаған және жылына 12%-ға ұлғайып отыр. Осылайша, алты айдың ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейіп, 28,7 трлн теңгеге жеткен.
«2014 жылдан бастап мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге арналған шығыстар 2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 0,6%-ынан 2,7%-ға дейін өсті, бұл 4,5 есеге ұлғаюды білдіреді. Одан басқа, 2025 жылға қарызды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге 6,1 трлн теңге бөлу көзделген, бұл Ұлттық қордан берілетін трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірісінің 38%-ын құрайды», – деді сенатор.
Депутат сонымен қатар мемлекеттік қарыз бен қарыз алуды басқару мемлекеттік шығындардың тұрақсыз өсуіне әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы әзірге қолайлы деңгейде қалса да, сенатор мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығынының өсуі және жаңа қарыз алудың орындылығы туралы алаңдаушылық білдірді. Депутат осыған байланысты Үкіметке оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың қарқынына мониторинг пен бақылауды күшейтуді және жиынтық мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын басқарудың нақты тұжырымдамасын айқындауды ұсынды.
«Қазіргі қарыздардың тиімділігіне мониторинг жасау мен жаңа қарыздардың орындылығын талдауға, сондай-ақ олардың шығыс қозғалысына бақылауды күшейту қажет. Қарыз алуға шектеудің жеткілікті екендігі туралы мәселені қарастыру және шартты түрдегі шекті мәндерді алып тастау қажет», – деді Сұлтанбек Мәкежанов.
МАҚҰЛДАНҒАН БЮДЖЕТ
Мәжіліс депутаттары алдағы үш жылға арналған бюджетті биыл 30 қарашада мақұлдаған еді. Үкіметтің хабарлауынша, “құжат экономиканың қарқынын арттыра отырып, инфляцияны одан әрі төмендететін және қаржы мен тауар нарығын тұрақтандыруды көздейтін базалық сценарийге негізделген”. Депутаттар халықты ауызсумен қамту және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүйелі іске асыру қажеттігін айтып, жобаға түзетулер енгізді. Биыл жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай отандық экономика өсімін 450 млрд АҚШ долларына дейін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған байланысты Үкімет жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімін 5,5%-тен шамамен 7%-ке дейін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін экономиканы әртараптандырып, шикізатқа тәуелділіктен бірте-бірте арылу қажет.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттарға «ҚР Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын және Еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң Бюджет кодексі ережелерін негізге ала отырып әзірленген. Онда мұнайдың шекті бағасын 2025 жылы барреліне $42,3 2026-2027 жылдары барреліне $41 – $39,4 деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды.
Еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастырудың негізі мұнай бағасы барреліне $75 және доллар бағамы 470 теңге болатын базалық сценарий алынды. 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,6%, 5 жыл ішінде орташа жылдық өсім 5,4% болады деп күтілуде. Бұл ретте ел экономикасының барлық саласында оң динамика болжануда: өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны – 4,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8%-ды, тау-кен өндіруде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсім – 5,3%, құрылыста – 9,3%, көлік қызметтерінде – 8,2%, сауда-саттықта – 7,1% болып отыр.