Қазақстанда 5 жыл ішінде ауылшаруашылық саласындағы субсидияға 2 трлн теңге бөлінген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжанов айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құзырлы орын төрағасының сөзінше, осы жылдар ішінде шенеуніктерге қатысты қылмыстық істер жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Егер жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркелген болса, олардың жартысынан астамы (54%) субсидия жымқыруға қатысты. Жүргізілген талдау бюджет қаражатын бақылаусыз пайдаланудың өрескел деректерін, көптеген сыбайлас жемқорлық схемалары мен субсидияны ұрлау тәсілдерін ашты», - деді ол.
Отандық ет өнімдеріне ішкі сұранысты қанағаттандыру мақсатында, ет өндірісін дамытуға 465 млрд теңге субсидия бөлінген.
Бүгінгі таңда, Антикор 62 қылмыстық іс қозғап, тергеуде. Олар бойынша негізінен орта буынды шенеуніктер мен кәсіпкерлер өтуде.
Сондай-ақ, агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің атына мекеменің 51 субсидия түрін қамтитын барлық 13 бұйрығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған 170 ұсыным енгізген.
Ұлттық аграрлық ғылыми орталықтың бірқатар қызметкерлері жануарларды сәйкестендіру базасындағы деректерді бұрмалап, бұл үшін заңсыз сыйақы алған.
«Ақтөбе облысында осы орталықтың қызметкері басқаратын қылмыстық топ анықталды. Тінту кезінде фермерлердің ЭЦҚ-сы бар 400-ден астам флешка мен олардың 300 млн теңгеден астам кіріс алғанын көрсететін қара бухгалтерия табылды. Жағдайды талдау осы бағдарлама бойынша субсидиялардың шамамен жартысы, яғни 40 млрд-ы желге кетіп қалғанын айтады», - дейді Антикор басшысы ОКҚ брифингінде.