×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Коллаж Ulysmedia

Ұлттық банк Дональд Трамптың АҚШ президенттік сайлауындағы жеңісінен туындаған әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюі аясында теңге бағамын тұрақтандыру үшін валюталық интервенциялар жүргізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМПТЫҢ САЙЛАУДАҒЫ ЖЕҢІСІ ДОЛЛАРДЫ КҮШЕЙТТІ

Қазіргі уақытта біз жаһандық қаржы нарықтары тым қатты құбылып тұрғанын байқап отырмыз. Бұған, әлбетте, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі айтарлықтай ықпал етті. Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреді, – дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5%-ға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2%-ға төмендеді (11 қарашадағы жағдай бойынша).

Оның үстіне, мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, 1 баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі әлеуетті сауда баждары мен Д.Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті. Оның үстіне, қуатты доллар – қашанда шикізат тауарлары үшін негативті фактор саналады, - делінген хабарламада.

1 АҚШ ДОЛЛАРЫ – 495 ТЕҢГЕ

Ұлттық банктің хабарлауынша, сыртқы нарықтардағы құбылмалы жағдай валюта нарығына қатысушылардың қимыл-әрекетіне де әсер етеді.

Біз шетел валютасына ұсыныс айтарлықтай төмендеп, оған деген сұраныстың бір мезгілде өскенін байқап отырмыз. Бұл өз кезегінде теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етеді. 2024 жылғы қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті. Өкінішке қарай, спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейгені де байқалып отыр. Бұл да айырбас бағамын тым құбылтып жібереді. Өтімділік жеткіліксіз жағдайда бұл – бағамның айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін. Біз бұған дейін мәлімдегеніміздей, Ұлттық Банк ұлттық валюта бағамына тән өзгерістерге мән бере қоймайды. Өйткені мұның барлығы фундаменталды факторлармен дәйектелген. Алайда, соңғы күндердегі теңгенің құбылуына – тек қана фундаменталды факторлар ықпал етпей отырғанын айтуға мәжбүрміз. Осыған байланысты Ұлттық Банк ұлттық валютаның құбылу шамасын – шамадан тыс деп бағалайды, - деп хабарлады Ұлттық банк.

Ұлттық Банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың және 2023 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылғанын мәлімдеген болатын.