Тиісті заң жобалары мәжілісте қаралды. Депутаттар Үкіметтің қарыз алуға әуестеніп кеткенін сипай сынағанымен, түсінетінін айтып, құжаттарды қабылдап жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙ БАНКТЕН ҚАНША АЛЫНАДЫ
Қазақстан Азия Даму банкінен – 52,3 млрд йен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен – 52,7 млрд йен, сондай-ақ Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд йен тартады. Жалпы сомасы 190 млрд йен. Теңгеге шаққанда ол – 600 млрд теңге.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, бұл қарыздар бюджет тапшылығына байланысты алынып отыр. Жыл бойы Қазақстан бюджетінде 3,6 трлн теңге тапшылық болса, 600 млрд теңге сыртқы нарықтан алынады. Мәселен, Азия Даму банкінен алынған 160 млрд теңгені Қазақстан 168 млрд теңге етіп қайтарады.
– Неге жапон банкінен? Өйткені оның пайызы өте аз. 0,2 пайыз, – дейді ол.
Алғашқы екі банктен қарыз 15 жылға, ал соңғысы 11 жылға алынады. Қазақстан Үкіметі ол қарыздарды жыл сайын 1 маусым мен 1 желтоқсан күні өтеп отыруы тиіс.
ҮКІМЕТ ҚАРЫЗ АЛУҒА ӘУЕСТЕНІП КЕТКЕН ЖОҚ ПА
Депутат Ерлан Сайыров үкімет биылдан бастап ішкі және сыртқы қарыздарды алуға әуестеніп кеткенін, ертең бұл тенденцияға айналып кетуі ықтимал екенін айтады. Оның сөзінше, ірі экономикалардың өзі протекционизммен айналысып жатыр.
– Ертең үлкен дағдарыс болса, ішкі және сыртқы қарыздарды қалай қайтарамыз деген сұрақ туады. Бүгіннің өзінде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы 63 млрл доллар. Соған қосымша 600 млрд теңгені алып жатырмыз. Келесі жылы тағы 4 трлн теңге ішкі қарыз тұр. Ішкі және сыртқы қарыздың еш айырмашылығы жоқ. Екеуі ертең біздің бюджетке үлкен салмақ болған кезде елдің экономикалық өсімі азаятыны сөзсіз. Келесі жылдың өзінде 2,5 трлн теңге қарыздарды өтеуге бағытталған. Кете берсек, Латын Америкасы елдірінің деңгейіне келіп қалуымыз ықтимал. Үкіметке қазірден бастап бюджетті оңтайландыру керек. Қымбат көлік, жиһаз, аймақтарда бюджет қаражатына үлкен құрылыстар салынып жатыр. Аурухана, мектептен басқа әкімшілік құрылыстарды тоқтату керек, – дейді ол.
Сайыров “әрине, түсінеміз, бірақ ертең балаларымыздың тағдырына осы мәселе кері әсер етуі ықтимал” дейді.
Мәжіліс сынаған болса да, ескерту жасаса да қарыздар туралы заң жобасын мақұлдап жіберді.