×
523.17
550.06
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.17
550.06
4.93

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 30,5 трлн теңге: Үкімет мұны неге қауіп көрмейді

02.12.2024, 11:51
Қазақстанның мемлекеттік қарызы 30,5 трлн теңге: Үкімет мұны неге қауіп көрмейді
Ulysmedia коллажы

Қазақстанның мемлекеттік қарызы ондаған миллиард долларға ұлғайып кетсе де, Қазақстан Үкіметі ол шекті қауіп көрмейді. Бұрын ол жайлы министрлер айтса, жақында депутаттарға берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов те атап өткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР БАР

Осы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша, мемлекеттік қарыз 30,5 трлн теңгені (63,6 млрд доллар – ЖІӨ-нің 22,6%) құрайды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қарызды басқару саясаты 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында айқындалған. Қарыз алу, оны жарату ісі сондағы қаржылық шектеулер мен ережелер шегінде жүргізіледі. Мәселен, оған сәйкес, мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімнің 32%-нан, үкіметтік борыш 27,5%-дан аспауы керек. Жалпы жиынтық мемлекеттік және квазимемлекеттік борыш ЖІӨ-ге 53,2%-дан аспауға тиіс. Үкіметтік борышқа қызмет көрсету республикалық бюджет шығыстарының 10%-нан аспауы керек деген де талап бар.

Кабмин басшысының депутаттарға берген жауабында Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы есепке алынғаны жазылған. Оған сәйкес Үкімет Еуропалық одақтың "бекіту" қағидаты бойынша тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік борыштың осалдығының 19 көрсеткіші бойынша талдау жүргізеді. 

Негізінен борыштық индикаторлар бойынша есеп мемлекеттік борыштың/сыртқы борыштың бюджет кірістеріне, экспорттық/импорттық операциялардан түсетін табыстарға, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге/экспорттық түсімдерге/ импортқа/ мемлекеттік табыстарға қатынасын айқындауға негізделген.  

– Борыш индикаторларын талдау қорытындылары бойынша Үкімет 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуы мүмкін борыштың осалдығының бірқатар сезімтал индикаторларын айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Жалпы Үкіметтің қарызды басқару саясаты қарызды басқарудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді, – дейді Бектенов жауабында.

ЖАҢА БЮДЖЕТ КОДЕКСІ

Мемлекеттің міндеттемелерін жетілдіріп, қарыздың жұмсалуын тиімді басқару мақсатында билік бюджет кодексінің жобасын назарға алғалы отыр. Ол бойынша Қазақстанның дамуының 10 жылға арналған ұзақ мерзімді болжамын әзірлеу көзделген. Оған дамудың сыртқы және ішкі жағдайларының нұсқалары, әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау, тәуекелдер, оның ішінде орнықтылықты бағалау және мемлекеттік қаржы параметрлерінің болжамы енгізіледі. Одан бөлек, жаңа бюджет кодексінің жобасында үкіметтік сыртқы қарызды тарту үшін әлеуетті мүмкіндіктерді айқындайтын борыш капиталының халықаралық нарықтарының конъюнктурасына талдау жасау көзделген. Бюджет кодексінің жобасы республикалық бюджет туралы заң жобасымен бір мезгілде енгізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп бара жатқаны және еліміздің қаржы ресурсын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы сауал жолдаған еді. Депутат өзінің сауалында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғатын, кіріспен расталмаған мемлекеттік шығыстың ұлғаюы – мемлекеттік қаржының өзекті мәселесінің бірі екенін атап өтті. Мәкежановтың мәліметінше, соңғы бес жылда мемлекеттік жиынтық қарыз ЖІӨ өсу қарқынына жақындаған және жылына 12%-ға ұлғайып отыр. Осылайша, алты айдың ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейіп, 28,7 трлн теңгеге жеткен.