Бұл туралы мәжілісте жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СМАЙЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ
Смайыловтың мәліметінше, 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр дейді ол.
– Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің барлық ұсынысы Үкіметке берілген ұсынымдарда және мемлекеттік органдарға берілген тапсырмаларда ескерілді, – дейді Смайылов.
БЮРОКРАТИЯ ЖАЙЛЫ
Әлихан Смайылов субсидиялар өнімділікті арттыруға және озық агротехнологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс деп есептейді.
– Сала субъектілеріне кредит беру, сақтандыру мүмкіндіктерін және басқа да қолдау құралдарын кеңейту қажет екені анық. Мысалы, фермерде кепіл мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік даму институттары тарапынан кепілдік беру маңызды. «Gosagro.kz» ақпараттық жүйенің басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциясын кеңейте отырып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді жеделдету қажет. Цифрландыру субсидияларды бөлудің ашықтығына және бюрократиялық жүктеменің төмендеуіне әкелетіні анық, – дейді ол.
Отырыста талқы жалғасып жатыр.