Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың кірісін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы Таңшолпан бағдарламасында Kaspi-аударымдарды мемлекет қалай бақылағалы жатқанын тағы түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУ
– Егер қаңтар айында бір нөмірге 100 нөмірден ақша түссе, ақпан айында дәл солай 100 тұлғадан, наурызда тағы 100 адамнан ақша келіп түссе, бұл жерде кәсіпкерліктің нышаны бар деген сөз. Сондықтан, ол кісі салықтық бақылауына алынады, – дейді ол.
Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, қазір мына “сомадан асып кетсе” дерлік түсінік жоқ.
Біз қазір мемлекеттік кірістер комитеті арқылы шек қоюды ұсынып отырмыз. Кәсіпкерлік кодексте 12 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс тапқан жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осы норманы аттап кетпес үшін өлшемшартқа шек қоюды көздеп отырмыз. Ол сома – 255 мың теңге! Яғни, ай сайын 100 немесе одан да көп адамнан үш ай қатарынан жалпы мөлшері 255 мың теңгеден (яғни, үш еселенген ең төменгі жалақыдан) асатын мобильді аударымдарды қабылдаған жағдайда ғана бақылауға аламыз, – дейді ол.
САЛЫҚШЫЛАРДЫҢ НАЗАРЫНА ІЛІКСЕ НЕ БОЛАДЫ
Егер азамат осы талаптардан асып кетіп, салықшылардың назарына іліксе не болады? Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, банктерден осы ақпарат салықшыға түскеннен кейін салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.
Егер салық төлеуші хабарламамен келіссе, ол жеке тұлға болса, тапқан кірісінің 10 пайыз көлемінен жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледі. Ал егер ол дара кәсіпкер ретінде тіркесе, таңдаған салық режиміне байланысты салығын төлейді. Егер біздің хабарламамен келіспесе, түсініктеме береді, – дейді ол.
Салықшылар біріншіден салық төлеушіге ескерту береді. Кірісін жасырса, оны көрсетіп, салығын төлетуге әрекет жасалады.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Кірістер комитеті бұған дейін жаңа ереже күшіне енгеннен кейін, жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тек жоғарыда аталған критерийлерге сәйкес келсе ғана тексерілетінін, егер бұл ереже бұзылса, айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерткен еді. Заң бойынша кәсіпкерлік қызметпен тіркелмей айналысатын жеке тұлғаларға айыппұл қарастырылған:
- Бірінші рет бұзғаны үшін – 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге);
- Қайталанған жағдайда – 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге).
Әзірге мемлекеттік кірістер комитетінің бұл ұсынысын Ұлттық банк зерттеп жатыр.