Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының өсімі қосымша инфляцияны 3% дейін арттыратынын болжайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының өсімі қосымша инфляцияны 3% дейін жеткізетінін мойындайды. Бірақ оның әсерін бір жыл ішінде басамыз деп жауап береді. Ведомство басшысы қосымша құн салығын 16% - ға дейін арттырумен қатар, үкімет мөлшерлемелерді саралауды енгізетінін еске салды: экономиканың кейбір секторлары 10% төлейді, ал агросектор салықтың осы түрінен босатылады. "Ставкалар көп болған кезде бухгалтерлік есеп, декларация жасау күрделене түседі, дебеттік сальдо жинақталады. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% мөлшерлемесін ұсынамыз” деп Жұманғарин нақтылады.
ЕҢ ТӨМЕНГІ ШЕК
Кәсіпорындардың тек 4 пайызы қазір қосылған құн салығын төлеп отыр. Көптеген компания салықтан жалтару үшін саналы түрде бизнесін бытыратып тастаған. Бұл салық жүйесін бүлдіріп, ҚҚС-ті қалыпты есептеуге кедергі келтіреді. Сондықтан “ҚҚС есебіне алудың ең төменгі шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынамыз” деді вице-премьер. Сондай-ақ, ол келешекте салық төлеуден жалтармай, адал жұмыс атқару бизнесті ыдырату шығындарынан төмен болатындай жағдай жасалатынын атап өтті.
“Бұл бизнеске теңгерімді жағдай туындатып, салықтан жалтару схемаларының жолын кеседі” дейді Жұманғарин.
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді.
Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.