×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Экономист теңге бағамына болжам жасады

10.01.2022, 16:55
Фото: Ашық дереккөзден

Елдегі соңғы оқиғалар экономикаға, оның ішінде теңге бағамына қалай әсер етеді? Ulysmedia.kz порталы бұл сұрақты белгілі экономист Сапарбай Жобаевқа қойып көрді.

- Сапарбай мырза, алдымен, президенттің өзі мемлекеттік төңкеріс жасау үшін болған әрекет деп баға берген соңғы оқиғалардың экономикаға әсері қандай болуы мүмкін?

- Жыл басында тіркелген елдегі келеңсіз оқиғалар шынын айту керек, Қазақстанның экономикасына өте кері әсер етеді. Себебі кәсіпкерлер өте көп сома жоғалтты. Оның орнын Атамекен палатасы толтырамыз деп отыр. Айыпты адамдарды тауып, оларды соттап, олардан ақша жинағанша шығынның орнын мемлекет бюджетінен, яғни халықтың ақшасынан толтыруға тура келеді. Сонда кәсіпкерлерден ақша жоғалтқанынан бөлек, олардан түспеген салықтар бар. Жәрдеміміз бар. Сондықтан бұл жалпы шығын 100 млрд теңге көлемінде емес, 200-300 млрд теңге көлемінде шығып кетеді. Бұл – біздің мемлекетіміздің экономикасына кері әсер етеді.

Қазірдің өзінде бюджетіміздің шығыны 2,7 трлн теңгелік тапшылықпен шығып отыр. Яғни бұл шығын тағы өседі иә болмаса, болашаққа деп жинап қойған Ұлттық қордан қаншама триллион алуға мәжбүр боламыз. Кәсіпкерлерге осы ақшаны берер болсақ, экономикамызда ақша массасы тағы көбейеді. Инфляция жоғары шығады.

- Жаппай тәртіпсіздік, ұрлық, тонау – осының бәрі де шетелдік инвесторларға кері әсер етері даусыз ғой?

- Ең қорқыныштысы да сол. Бізге тиімді, яғни өңдеуші салаға келетін инвестиция өте күмәнді болып қалды. Алдында да қиын еді. Біз әдетте, Орталық Азияға құйылған инвестицияның басым бөлігі Қазақстанда деп мақтанамыз ғой. Бұл бірақ шикізатқа құйылған инвестиция. Ал енді толқудан кейін біздің елдің инвестициялық климаты тіпті нашарлайды. Бұрын инвесторлар Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтан қорқатын. Ал енді бассыздықтар, тонау – Қазақстан экономикасына тіпті теріс әсер етеді.

- Теңгенің бағамына қатысты айтсаңыз...

- Төлем балансында көрсеткіштеріміз бар. Соған қарағанда теңгенің бағамы долларға шаққанда 440-450 теңге болуы керек еді. Бірақ Ұлттық қорда жиналған 90 млрд доллардың 10 млрд долларымен теңгенің бағамын Ұлттық банк тыраштанып ұстап тұр. Ол қашанға дейін ұстауы мүмкін? Мәселен, Ресей нарықтық заңдарға көбірек бағынады. Олардың экономикасы нарық заңымен жұмыс істейді. Оларда бір доллардың құны 74 рубль еді – біздің Қазақстандағы толқулардың әсерінен ұлттық валталары 77,5 рубльге түсіп кетті. Ал біз әлі күнге дейін бір шекте ұстап тұрмыз. Бұл – біздегі авторитарлық жүйенің жоғары екенін, нарыққа әлі толық өте қоймағанымызды білдіреді. Бұл ұзаққа созылмайды. Бәрібір баға төмен түседі.

- Сонда осы оқиғалардың экономикаға кері әсерінің салдары теңгенің тіпті құнсызданатынын білдіре ме?

- Әрине, құнсыздануы мүмкін. Құнсыздану – экономикалық жағдайда болуы керек еді. Бірақ Ұлттық қордағы валюталық қорларымызды теңгені жасанды түрде ұстап тұру үшін пайдаланамыз. Қашанға дейін ұстаймыз? Мәселе сонда. Президент те бұл туралы көп айтып жүр. Биыл да келеңсіз жағдайлар болды деп, триллиондарды теңгені ұстап тұруға жіберер болсақ, біздің экономикамызға бұл оң әсерін бермейді.

Серіктес жаңалықтары