×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

2,5% несие жыры: Кімдікі өтірік, кімдікі шын немесе екі министрлік неге екі түрлі ақпарат береді

28.05.2025, 17:48
2,5% несие жыры: Кімдікі өтірік, кімдікі шын немесе екі министрлік неге екі түрлі ақпарат береді
Ұлысмедиа коллажы

Жастарға уәде етілген 2,5%-дық несие берілмей, 29 млрд теңге неге игерілмей қалды? Аталған мәліметті бұған дейін қаржы вице-министрі айтқан еді. Осыдан туындаған сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға қойды.

ТЕМІРБЕКОВ НЕ ДЕДІ

Жастарға 2,5%-дық несие берілмей, 29 млрд теңге игерілмей қалғанын бұған дейін мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтқан еді. Вице-министрдің сөзінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға 2,5 пайыздық жеңілдікпен берілетін несиені игеру керек болған.

Бұл бағдарлама 2023 жылы іске қосылды. Сол жылы біз 20 млрд теңге көлемінде қаражат бөлгенбіз. 5 мыңнан астам кредит бөлінген. Алайда біз жүргізген мониториң бойынша ақшаның мақсатқа сай жұмсалмағанын анықтадық. Соны біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткіздік. Оның көрсеткіштерін өзгерту бойынша жұмыс жүргізу керек еді. Сол себепті бұл қаражат игерілмей қалды, – дейді ол.

Темірбековтің айтуынша, нақты осы бағдарлама бойынша 29 млрд теңгенің бірде-бір тиыны игерілмеген. Вице-министр бұл бағытқа жауапты 73 адам (67-і жоғары лауазымды адамдар) әртүрлі жазаға тартылған. Ішінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жоқ.

ЖАҚЫПОВАНЫҢ ЖАУАБЫ

Светлана Жақыпова қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің пікірімен келіспейді. Сөзінше, республика бойынша 2024 жылы 200 млрд теңгеге жуық қаражат бюджетке қайтарылған. 

29 млрд теңге деп отырғаныңыз, осынша сомаға қаржы министрлігіне жолдаған сұраныстарымыз бар. Ол ақша бөлінген жоқ, – деді Светлана Жақыпова.

Министр жастарға 2,5%-дық несие беру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілгенін, ұсыныстарды қаржы министрлікке жібергенін, ақша бөлінбегенін айтады. “Яғни, қаржы министрлігінің мәліметі қате ме?” деген сұраққа Жақыпова “вице-министрден барып сұраңыздар” деп жауап берді. Министр өзінің баспасөз қызметкерлеріне қаржы министрлігіне еңбек министрлігі жолдаған бюджеттік өтінімдер құжаттары мен хаттарды көрсетуді тапсырды. 

2023 жылы біз бердік (жастарға 2,5%-дық несиені – авт.) Осал санаттағы азаматтарға гранттар бердік. Бұл жерде де 5 мың грантқа дейін берілді. 27 млрд теңгеге жуық ақша 4900 жеңілдетілген несие ретінде берілген. 2024-2025 жылы берілмеді, – деді министр.

“ШЫНДЫҚҚА ТУРА ҚАРАЙЫҚ”

Жауап барысында “шындыққа тура қарайық” деген Светлана Жақыпова жастардың несиеге батып, өтей алмай, көбі қиналып жүргенін айтады. 

Төлем карталары бұғатталып, қазір олар жұмыс таба да алмай жүр. Біз цифрлық шешімдердің бәрін, инновациялық навигаторды енгіздік. Шешім шығардық. Сол шешімге “Ауыл аманатын” (бағдарлама) әкелдік. Соның шеңберінде ауыл шаруашылығын дамытамыз деп ақша алған қаншама жұмыс орындары ашылуы керек еді. Өздеріне әлеуметтік, зейнетақы жарналары аударылуы керек. Бәрі шығып тұр: біреуі де басқа түгілі, өзіне де жағдай жасамаған. Түсінесіздер ғой. Сондықтан, несиені беріп, ертең жастардың басын тағы қарызға байлап, олардың өмір сапасын төмендетеміз. Мен өзім сондай ұстанымдамын, – деді ол.

Ulysmedia.kz тілшісі яғни, бұл бағдарламаны тоқтату керек деп тұрсыз ба?” деп сұраған. Министр нақты “иә” демесе де, бірнеше бағдарламамен жастарға несие беріліп жатқанын айтты. Оның ішінде “Даму бизнес”, “Ауыл аманаты”, “Дипломмен ауылға”, “Серпін” бағдарламасын атады.

Бәрін айтпаймын, арасында ақшаны дұрыс игермеген жастар, жігіттер бар. Бірақ пайызы өте төмен, – деді Жақыпова.

ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ

Жастарға 2,5 пайыздық шағын несие беру – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы болған. Бұл бастама алғаш рет 2022 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында жарияланған. Президент жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында оларға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген шағын несие беру қажеттігін атап өткен. Кәсіпкерлік қызметті бастауға ниет білдірген немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жас аралығындағы жастарға шағын несиелер конкурстық негізде берілетіні 2023 жылы айтылып еді. Несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ беруі тиіс-тін. Несиенің максималды сомасы 5 миллион теңгегені құрайтыны, сондай-ақ кепілзаттың болуы міндеттелетіні де сол тұста жазылған.

Серіктес жаңалықтары