Қаржы министрі Мәди Тәкиев бүгін сенат отырысында еліміздің мемлекеттік қарыз жөнінде пікір білдірген, алайда оның сөзімен депутаттар келіспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенатор Нұргүл Ниязова бүгінгі отырыста қаржы министріне сауал жолдады. Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 31 трлн теңгеден асқан.
Үкіметтік қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге бөлінген қаражат рекордтық көрсеткішке – 5,6 трлн теңгеге жетті. Бұл – кірістердің 41 пайызынан астамы осы бағытқа жұмсалды деген сөз. Әңгіме трансферттерді есептемегендегі кіріс жайлы. Себебі Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің өзге мақсаттары бар. Осыған байланысты сұрағым бар: сіздің ойыңызша, лимитті қайта қарастырып, оны трансферттерді есептемеген кіріске байлау қажет емес пе? Бұл – әлдеқайда шынайы көрсеткіш болар еді, – деді Ниязова.
МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ
Жалпы, нақты сандарға келсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз деңгейі 31,9 трлн теңге болды. Бұл – аса жоғары көрсеткіш емес. Біз ол қарызды басқара аламыз. Бұған еліміздің халықаралық рейтингтері дәлел. Бұл мәселе Үкіметтің күн тәртібінде жеке мәселе ретінде тұр. Мемлекеттік қарыздың артып келе жатқаны рас. Себебі бюджет тапшылығы да ұлғайды. Осыған байланысты қарыздың өсу қарқыны да жоғары болды. Оған қызмет көрсетуге де едәуір қаражат жұмсалып жатыр. Бірақ бүгінде бұл – біз белгілеген лимит шегіндегі жағдай. Сондықтан ол лимиттерді қайта қарауға әзірге негіз жоқ, – деді Мәди Тәкиев.
Қаржы министрі мемлекеттік қарыз "біртіндеп тұрақтанатынын" атап өтті.
Оны азайту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Салық түсімдерін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайтамыз. Сондықтан бұл мәселені өте мұқият бақылап отырмыз, – деді ол.
Ашимбаев не деді
Министрдің жауабына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев келіспейтінін айтты.
Жалпы жағдай қалыпты, барлық процесс жоспар бойынша жүріп жатыр деу дұрыс емес шығар. Қалай болғанда да, мемлекеттік қарыз мәселесімен нақты айналысу қажет. Мемлекеттік қарызды басқару, реттеу және оны азайту бойынша орта мерзімді стратегия қажет. Әсіресе, мұнайға қатысы жоқ тапшылық лимитінен қайта шықпау үшін жұмыс істеу керек. Бұл бағытта белсенді түрде қимылдау қажет, соның ішінде бюджет шығынын оңтайландыру мәселесі де бар, – деді Әшімбаев.