Қаңтардағы оқиғалар легі елдің экономикасына, оның ішінде ірі корпорациялар мен банктердің де жұмысына әсер етпей қойған жоқ. Лондонда өткен 5 қаңтардағы сауданың қорытындысы бойынша Kaspi bank-тің жаһандық депозитарлық қолхаттарының (ЖДҚ) құны бірден 30,51% ($82), ал Halyk Bank құнды қағаздары 19,34% ($13,6) арзандаған. Осы банктердің келешегі не болады? Салымшылар үшін қандай қауіп бар? Ulysmedia.kz порталы бұл сұрақтарды белгілі экономист Данияр Темірбаевқа қойып көрді.
МӘСЕЛЕ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ?
«Бұл жағдай салымшыларға ешқандай әсер етпейді. Себебі, акциялар қор нарығында өседі, құлдырайды – бұл қалыпты жағдай. Бәрі де себепке бағынышты. Салымшыларға банктің өз ішіндегі ахуал әсер етуі мүмкін. Банктердің қаржылық жағдайлары қанша дегенмен еш өзгерген жоқ. Алайда бір мәселені есепке алу керек: не үшін Халық банк туралы әңгіме айтылды? Өйткені ол банктің мажоритарлық акционері – Тимур Құлыбаев. Ал Құлыбаев – ол саясаткер. Ол Қазақстанның мұнай-газ саласына ықпал етіп, тағайындауға, тиісті шешімдерге дейін әсер етіп келген адам. Тіпті бюджетті бекітуге дейін ықпалы болған кісі. Сол себепті өзін қанша «бизнесменмін» деп есептесе де, оның алдымен саясаткер екенін ұғыну керек», - дейді экономист.
Данияр Темірбаевтың айтуынша, саяси ықпал күндердің күнінде айналып келіп бизнеске зиянын тигізеді. Егер Тимур Құлыбаев саясаткер болмаса, онда Халық банкке қатысты ешқандай мәселе туындамас еді.
«Оның дәл қазір саяси ықпалы күрт азайып кетті. Тимур Құлыбаев мұнай-газ саласына араласпай, саясаткерлігін қойған кезде ғана сұрақтың бәрі күн тәртібінен түсер еді. Ол қарапайым бизнесмен болып қалар еді. Мәселен, Каспий банктің ірі акционері Михаил Ломтадзеге ешкім ештеңе дей алмайды. Себебі біз оның саясатқа араласып, кабинеттерде саяси шешімдерге ықпал етіп жүргенін ешқашан естіген емеспіз», - дейді ол.
ХАЛЫҚ БАНК – АЛЫП КЕМЕ ІСПЕТТЕС
Экономист ағылшын тіліндегі «too big to fail» деген тіркесті келтіреді. Бұл тіркес «құлап, құлдырап кетейін десе де, тым ірі» деген сөзді білдіреді. Халық банкке қатысты жағдай да солай: оған бірдеңе болса, Каспий банк те, басқа банктерге де оңай тимейді. Кейінгі реакция туады да, депозиторлар мен инвесторлар бір-біріне соқтығысып, тіпті теңгеге дейін бұрыннан бетер теңселіп қалуы мүмкін.
«Сол себепті, менің ойымша, Халық банк құлап бара жатса да, оны ұстап қалуға тура келеді. 2008 жылы мәселен, АҚШ-тағы ірі инвестбанк Lehman Brothers банкрот болған кезде әлемдік нарықтар асты-үстіне аударылып түскен. Халық банктің де банкроты – Қазақстанға дәл солай әсер етеді. Халық банк секілді ірі кемелер суға батқан кезде түбі көрінбейтін иірім пайда болады да, қалған банктермен қоса, шағын және орта бизнесімен бірше өзімен ала кетеді. Мысалы менің анам да Халық банктен зейнетақы алып, азын-аулақ депозит ұстап отыр. Онсыз да біздің елде ірі деген 2-ақ банк қалған шығар», - дейді ол.
Данияр Темірбаев Халық банк жай ғана компания емес екенін, оның акциялары Лондонда саудаға шығатынын айтады. Тимур Құлыбаевтан басқа ол банктің миноритарлық акционерлері бар. Олардың саны көп. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Олардың да құқығыны шектемеу керек. Егер банкке бірдеңе болса, сотқа жүздеп арыз түсуі ықтимал. БТА құлдыраған кезде шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі азайып кеткен.
«Керек десеңіз, сол жағдай әлі де олардың есінде. Оған жол бермеу керек! Сол себепті Халық банктің тағдыры не болады дегенде, бәлкім, бәріміз де ол банк аман болсын деп тілеуіміз керек шығар. Тілек тілеп үйрегенбегендеріміз үйренуімізге тура келеді. Банктің өзінде проблема жоқ. Қаржылық жағдайы жақсы. Қаражаты мол. Сұрақ туындатпайды. Тек адамдарда үрей қалыптасып қалды. Ол үрей сол Тимур Құлыбаевтың позициясынан айырылуынан туындап отыр», - деп қайталайды пікірін экономист.
ДЕПОЗИТІ БАР АДАМДАРҒА КЕҢЕС
«Халық банкте депозиті бар адамдарға қандай кеңес айтар едіңіз?» деген сұрақ қойдық сарапшыға. Айтуынша, егер белгілі бір адамның сол банкте шағын депозиті болса, оларға қорқудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстанда банктер банкрот болып, депозитерлерді мемлекет қорғап алған жағдайдар болған. Ірі депозиторларға бәлкім, қаражатын әртараптандыру қажет болуы мүмкін. Бірақ олар да ақымақ емес. Бар байлығын бір себетте сақтамайды.
«Ал қарапайым азаматтарға ештеңе істемей-ақ қоюға кеңес берер едім. Өйткені алаңдайтын ештеңе жоқ», - дейді ол.
Егер пессимистік сценарий болса, онда мемлекет беретін кепілдік бар.
«Кепілдік беретін қор мемлекеттік кепілдік шеңберінде қаражатты қайтарады. Депозиті шағын адамдарға алаңдайтын ештеңе жоқ», - деп түйді сөзін экономист.