Жаңа Салық кодексіне байланысты бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсе ме? Бұл сұраққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұған дейін Үкімет келесі жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақыларды көбейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл өзгерістер Салық кодексінің қабылдануына байланысты жүзеге асырылмақ. Осыған орай журналистер бюджет саласы қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсетін-өспейтінін сұрады.
МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
– Бюджет саласы қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жыл сайын инфляция деңгейіне қарай индексацияланады. Жеке кәсіпорындар жалақыны өздері белгілейді. Сонымен қатар әр кәсіпорында ұжымдық шарттар бар, олардың ішінде жалақыны көтеру мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, жұмыс беруші, кәсіподақ пен әкімдік арасындағы меморандумдарда да жалақыны көтеру ұсынылады. Алайда қазіргі таңда жалақыны өсіру туралы нақты ақпарат жоқ. Бұған дейін азаматтық қызметшілердің жалақысы белгілі бір санаттар бойынша көтерілген болатын. Алдағы кезеңге қатысты ақпарат жоқ, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
ЗАҢ
Еске салайық, 18 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Жаңа салық кодексі баспана сатуға қалай әсер ететінін жазған едік.