Мемлекеттік қызмет істері департаменті Ақмола облысында іссапар шығындарын төлеу кезінде заңбұзушылықтарды анықтады. Ақмола облысында 119 мемлекеттік қызметшіге іссапар шығындары артық төленген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Артық жұмыс пен демалыс
Тексеру барысында 416 мемлекеттік қызметшінің құқықтары бұзылғаны белгілі болды. Ең жиі анықталғаны – оларды үстеме жұмысқа тарту (161 дерек). Ведомство араласқаннан кейін қызметкерлерге қосымша демалыс берілді. Оның жалпы ұзақтығы 296 сағаттан асты.
Іссапар шығындары
Сонымен қатар іссапар шығындарын толық өтемеу фактілері анықталды. Кейбір жағдайларда бюджет қаржысының жетіспеуіне байланысты мүлде төленбеген. Нәтижесінде 195 мемлекеттік қызметшіге 9,4 млн теңге көлемінде іссапар шығындары өтелді.
Артық төлемдер
- Іссапар шығындарының қолданыстағы ережелерде белгіленген лимиттен артық негізсіз төленген жағдайлары анықталды. Жүргізілген талдау 119 деректі көрсетті. Жалпы сомасы – 2,8 млн теңге. Қазіргі уақытта оның 1,2 млн теңгесі ерікті түрде қайтарылды, – деп мәлімдеді департамент.
Еңбек демалысы
Анализ нәтижесінде 43 жағдайда мемлекеттік қызметшілерге жыл сайынғы еңбек демалысына төлем уақытылы берілмегені белгілі болды. Департаменттің талабы бойынша кешіктірілген төлем үшін 59 мың теңге көлемінде өсімпұл есептелді.