Көшеде валюта бағамы жазылған таблолар бүгіннен бастап алынып тасталады. Енді айырбастау бағамдары тек пункттердің ішінде ғана көрсетілетін болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ереже қатаңдатылды
Қазақстанда айырбастау пункттерінің жұмысына қатысты талаптар күшейтілді: 2025 жылдың 9 қыркүйегінен бастап валюта бағамдары көрсетілген тақтайшаларды көшеге ілуге тыйым салынады. Бұл жаңашылдық 23 маусымда қабылданған Ұлттық банктің қаулысымен бекітілді және әуежай, вокзал, іскерлік орталықтар, казино мен шекаралық бекеттерде орналасқан айырбастау орындарынан басқа барлық айырбастау пункттеріне қатысты қолданылады.
Ақпарат тек ғимарат ішінде көрсетіледі
Қаулыға сәйкес, қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бағамы туралы ақпаратты тек ғимарат ішінде — операциялық кассаның жанында немесе ақпараттық стендте көрсетуге болады. Мұндай стендтің ең аз көлемі 0,4×0,4 метрден кем болмауы тиіс.
Көшедегі тақтайшаларға тыйым салынды
Тыйымға кез келген сыртқы конструкциялар кіреді: табло, экран, жылжымалы стендтер, сондай-ақ бағамдарды ғимараттың қасбетіне, төбесіне немесе витринасына орналастыру. Ерекше жағдай тек ірі көлік және коммерциялық нысандар ішіндегі айырбастау пункттеріне ғана қарастырылған.
Сараптама
Еске салайық, бұған дейін Сүлейменовтің ықпалы неге валюта таблосын ауыстырудан ары аспай тұрғаны жайлы сараптама жазған едік.