Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге өтуді қарастыруды ұсынды. Бұл өзгеріс бюджетке қалай әсер етеді?
Соңғы он жылдағы шығындар өсімі
Парламентті (сенат пен мәжілісті) ұстауға бөлінетін қаражат жыл сайын көбейіп отырды. Тек 2020 жылы ғана коронавируспен күрес аясында бюджет қысқартылған.
Курсив мәліметінше, инфляцияны есепке алсақ, он жыл ішінде шығындар 25%-ға артқан. Бір депутатқа шаққандағы көрсеткіш тіпті айқын: 2015 жылы бір депутатқа 70 млн теңге жұмсалса, 2024 жылы бұл сома 195 млн-ға жетті. Салыстырмалы түрде алғанда өсім шамамен 30% пайыз болды. Осы кезеңде депутаттар саны 154-тен 148-ге азайды.
Сенатты “жою” арқылы үнем
Егер референдумда халық бір палаталы парламентті қолдаса, ақша белгілі бір деңгейде үнемделмек. Сенатты (50 депутат) таратқан жағдайда және мәжіліс қазіргі құрамында (98 депутат) қалса, парламент шығынын үштен бірге қысқартуға болады.
2024 жылғы деректерге сүйенсек, бұл қос палатаны ұстауға кеткен 29 миллиард теңгенің шамамен 10 миллиардын үнемдеу деген сөз.
Парламент шығыны – жалпы мемлекеттік шығынның шағын бөлігі
Сонымен қатар, парламент шығыны мемлекеттік бюджеттің негізгі бөлігін құрап отырған жоқ. 2024 жылы парламентке жұмсалған қаржы өкілді, атқарушы және өзге мемлекеттік органдардың шығындарының тек 9%-ын ғана қамтыды.